Шымкент қаласында заң бұзушылықпен берілген жер телімінде салынған бес қабатты құрылыс нысаны толығымен бұзылды. Бұл шара Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімі негізінде жүзеге асырылды. Іс Қазақстан Республикасының Жер кодексі мен құрылыс саласындағы заңнаманы сақтау шеңберінде қаралып, нақты әрекетпен аяқталды.
Бұған дейін қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы тарапынан «REAL PACK» ЖШС-не тиесілі құрылыс нысанына жоспардан тыс тексеру жүргізілген болатын. Тексеру нәтижесінде, Әл-Фараби ауданы, Бейбітшілік көшесі №3А мекенжайында орналасқан, қала тұрғындары үшін маңызды демалыс аймағы – «Қиял әлемі» саябағына іргелес 0,9326 гектар жер учаскесінің заң талаптарын бұза отырып берілгені және онда құрылыс жұмыстары ешқандай рұқсат құжаттарынсыз басталғаны белгілі болды.
Атап айтқанда, нысан иесі тарапынан жер телімінің нысаналы мақсатын өзгертуге және құрылыс салуға қажетті рұқсаттар алынбаған. Бұл жағдай ҚР Жер кодексінің және Құрылыс нормалары мен ережелерінің өрескел бұзылуын білдіреді.
Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы анықталған заңбұзушылықтарға байланысты Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап-арыз жолдады. Сот тарапынан бұл талап заңды және негізді деп танылып, нысанды бұзу туралы шешім шығарылды.
Сот шешімі толығымен орындалып, бүгінде аталған заңсыз салынған бес қабатты ғимарат толықтай бұзылды. Қаланың сәулеттік келбетіне зиян келтірген, рұқсатсыз бой көтерген бұл нысан енді мүлдем жойылды.
Нысан иесіне қатысты әкімшілік жауапкершілік қарастырылып, заң бұзғаны үшін айыппұл салынды. Бұл – заңсыз құрылыс салуға жол бермеудің нақты мысалы. Жергілікті билік тарапынан осындай әрекеттерге төзбеушілік таныту, заң аясында қатаң шаралар қолдану жалғасатын болады.
Алдын алу және бақылау жұмыстары жалғасуда
Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы Шымкент қаласының аумағында заңсыз құрылыс жұмыстарын болдырмау және жер заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында тиісті жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Басқарма өкілдерінің айтуынша, бұл тек бір ғана мысал емес – бүгінде бірнеше нысан бойынша тексерулер мен құқықтық шаралар қолға алынған.
Басқарма жергілікті атқарушы органдармен, құқық қорғау құрылымдарымен тығыз байланыста жұмыс істей отырып, қала аумағындағы барлық құрылыс процестерінің заң аясында жүзеге асырылуын қатаң қадағалауға алуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жолдауларында жер ресурстары мен қалалық инфрақұрылымға ұқыпты қараудың маңыздылығын атап өткен болатын. Қоғамдық кеңістіктер мен саябақтарға іргелес аумақтарда заңсыз құрылыс жүргізу – тұрғындардың демалыс аймақтарына қолжетімділігін шектеумен қатар, қала келбетіне де кері әсер етеді.
Сондықтан да, бұл жағдай – жер заңнамасын сақтамаудың салдары қандай болатынын көрсететін айқын мысал. Шымкент қаласының билігі мен құзырлы органдары заңсыз құрылысқа қарсы жүйелі күрес жүргізіп, қала тұрғындарының мүддесін қорғауды жалғастыра бермек.




