Шымкент қаласында балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында мектеп оқушыларына арналған арнайы қауіпсіздік сабақтары өткізілді. Іс-шаралар «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ұйымдастырылып, оған қалалық Полиция департаментінің қызметкерлері белсене атсалысты.
Қауіпсіздік сабақтары Шымкенттегі №25, №65 және №148 жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары үшін өткізілді. Кездесулер барысында полицейлер 300-ден астам оқушыны қамтып, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған мазмұнды дәрістер жүргізді.
Полиция инспекторлары құқық бұзушылық ұғымы, оның түрлері және заң алдындағы жауапкершілік туралы жан-жақты түсіндіріп, нақты мысалдар арқылы жасөспірімдерге заң талаптарын сақтаудың маңыздылығын жеткізді.
Сабақ барысында құқық қорғау органдарының өкілдері оқушыларға кәмелетке толмағандар жасаған құқық бұзушылықтар мен олардың салдары, қорқыту (буллинг), есірткіге тәуелділік пен тарату, қоғамдық тәртіпті бұзу және мектеп аумағында тәртіп сақтау ережелері туралы кеңінен баяндады.
– Кәмелетке толмағандардың заң бұзушылыққа баруы — бұл қоғам үшін де, олардың болашағы үшін де өте қауіпті. Қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілік тек үлкендерге ғана емес, жасөспірімдерге де қарастырылған. Сондықтан әр оқушы заңды біліп, оны бұзбауға тиіс, – деді кездесуге қатысқан полиция қызметкерлерінің бірі.
Қазіргі таңда балалардың интернетке тәуелділігі, әлеуметтік желілерде белсенділігі жоғары. Осыған байланысты полицейлер онлайн қауіпсіздік мәселесін де айналып өтпеді. Олар кибербуллинг, фейк аккаунттар, интернет-алаяқтық, жеке деректерді қорғау сынды маңызды тақырыптар бойынша кеңес берді.
– Бейтаныс адамдармен хат алмасу, жеке суреттер мен ақпараттарды бөлісу, күмәнді сілтемелерге кіру – бұлардың барлығы интернеттегі қауіптердің бастауы болуы мүмкін. Мұндай жағдайда әрдайым ата-анамен, мұғаліммен немесе полициямен кеңесу керек, – деді мамандар.
Оқушыларға арналған қауіпсіздік сабақтары — полиция мен жас буын арасындағы сенімге негізделген қарым-қатынасты нығайтудың тиімді құралы. Мұндай кездесулер балалардың қоршаған ортадағы тәртіп пен қауіпсіздікке бей-жай қарамауына, өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауға және төтенше жағдайда дұрыс шешім қабылдай білуге үйретеді.
Іс-шара соңында мектеп әкімшілігі мен оқушылар полицейлерге алғыс айтып, бұл бастаманың өзекті әрі пайдалы болғанын атап өтті.
№65 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
– Бүгінгі кездесуден кейін оқушылар көптеген маңызды мәліметтер алды. Әсіресе, заң алдындағы жауапкершілік, интернеттегі қауіптер және қорқынышсыз орта құру жайлы ақпараттар балаларға ой салды. Мұндай сабақтар жиі өтіп тұрса дейміз.
Шымкент қаласында өткізілген қауіпсіздік сабақтары — жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Құқықтық тәрбие — тек мектептің немесе полицияның емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Осы бағытта ұйымдастырылып жатқан шаралар жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алып, қауіпсіз әрі сауатты ұрпақ тәрбиелеуге мүмкіндік береді.




