Шымкент қаласында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды іс-шара өтті. Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырған «Заң мен тәртіп» атты танымдық кездесу жастарға құқықтық мәдениетті сіңіру мен құқық бұзушылықтың алдын алуға арналды.
Бұл басқосуға әртүрлі сала өкілдері қатысты: Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Дәурен Тұрғынбай, білікті заңгер, кәсіби медиатор Айжан Кесебаева, «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Жансерік Жұман және қаланың белсенді жастары.
ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ – ҚАЗІРГІ ҚОҒАМ ТАЛАБЫ
Кездесу барысында жастарға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалары, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, құқық бұзушылық түрлері мен олардың салдары туралы кеңінен ақпарат берілді.
Айжан Кесебаева өз сөзінде қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі — жастар арасында құқықтық жауапкершіліктің төмендігі екенін айтты. Оның айтуынша, соңғы жылдары жасөспірімдер арасында буллинг, сталкинг, киберқудалау сияқты теріс әрекеттер жиілеп барады.
– Психологиялық қысым, әлеуметтік желіде қорлайтын пікір жазу немесе ар-намысқа тиетін сөз айту – бұлар тек моральдық емес, сонымен қатар заң алдындағы жауапкершілікке апаратын әрекеттер. Сталкинг бүгінде Қылмыстық кодексте жеке қылмыс ретінде қарастырылған. Сондықтан жастардың өз құқықтарын білумен қатар, өз міндеттерін де толық түсінуі аса маңызды, – деді заңгер.
Цифрлық технологиялар дамыған қазіргі уақытта жастардың онлайн кеңістікте қауіпсіздік ережелерін сақтауы — маңызды мәселе. Осыған орай, Дәурен Тұрғынбай интернет алаңдарындағы заңбұзушылықтар мен қауіптер туралы нақты мысалдар келтіре отырып, жастарды киберқауіпсіздікке мән беруге шақырды.
– Желіде алаяқтық, жеке деректерді ұрлау, жалған аккаунттар арқылы адамдарды шатастыру жиі орын алып жатыр. Бұлардың барлығы – қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Жастар интернетті тек ақпарат алу және білім көзі ретінде пайдалануы тиіс. Күдікті сілтемелерге өтпей, бейтаныс тұлғалармен байланыста болмауға тырысу қажет, – деді басқарма басшысы.
Кездесу соңында спикерлер жастарды кез келген әрекетте заң нормаларын сақтауға, құқықтық мәдениетті өмір салтына айналдыруға және өз құқығын қорғай отырып, басқалардың да еркіндігіне құрметпен қарауға шақырды.
Іс-шара барысында қатысушылар құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған интерактивті сұрақ-жауап сессиясына қатысып, өздерін қызықтырған мәселелер бойынша нақты әрі түсінікті жауаптар алды.
«Жастар ресурстық орталығының» басшысы Жансерік Жұман өз сөзінде:
– Құқықтық мәдениеті жоғары жас – қоғамның берік тірегі. Біз мұндай шаралар арқылы жастардың бойында жауапкершілік пен адалдық қағидаттарын қалыптастыруды көздейміз. Бұл – қауіпсіз қоғам мен тұрақты мемлекеттің негізі, – деді.
Мұндай танымдық кездесулер алдағы уақытта Шымкент қаласының барлық оқу орындарында жалғасын табады. Жастармен тікелей пікір алмасу, олардың ой-пікірін тыңдау – құқықтық тәрбие жұмысының тиімді тәсілдерінің бірі екені сөзсіз.




