Қазіргі таңда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу – қоғам үшін өзекті әрі маңызды мәселенің бірі. Жас буын – ел болашағы, ал олардың тәрбиесі мен қауіпсіз ортасын қамтамасыз ету – баршамызға ортақ міндет.
Осы мақсатта Шымкент қаласының Еңбекші ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен арнайы іс-шара өтті. Жоспарға сәйкес №127 және №34 жалпы орта білім беру мектептерінің жоғары сынып оқушыларына арнап тәрбиелік-танымдық кездесу ұйымдастырылды. Кездесудің басты мақсаты — кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, зорлық-зомбылық пен нашақорлыққа қарсы күрес, суицидтің алдын алу және теріс діни ағымдардың ықпалынан сақтау.
Іс-шараға Шымкент қаласының Психикалық денсаулық орталығының нарколог-дәрігері мен Дін істері басқармасының Дін мәселелерін зерттеу орталығының теологы арнайы шақырылып, оқушыларға өз салалары бойынша кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Олар жасөспірімдерге салауатты өмір салты, есірткі мен шылым шегудің зияны, теріс діни ағымдардың белгілері және олардың қоғамға қауіптілігі жөнінде нақты әрі түсінікті тілде ақпарат берді.
Іс-шараның ерекше қонақтарының бірі — үстел теннисінен Қазақстан Республикасының 15 дүркін чемпионы, әлем чемпионатының жүлдегері, №19 мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебінің жаттықтырушысы Түймұрат Момінжанұлы Ешимов болды. Ол жасөспірімдермен өз өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, табандылық пен тәртіптің арқасында қалай биік жетістіктерге жеткенін әңгімелеп берді. Сонымен қатар, балаларды бос уақытты тиімді өткізуге және спортпен белсенді айналысуға шақырды.
Құқықтық мәдениет – қоғам тұрақтылығының негізі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуды күшейтуді бірнеше мәрте атап өткен болатын. Бұл ретте құқықтық сана мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру – басты басымдықтардың бірі саналады.
Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру арқылы ғана қоғамда заңға бағыну, жауапкершілік пен тәртіпті сақтау мәдениетін орнықтыруға болады. Құқықтық тәрбиенің жоғары деңгейі – демократиялық, әділетті және құқықтық мемлекет құрудың маңызды шарттарының бірі.
Жасөспірімдерге бағытталған мұндай іс-шаралар олардың өмірлік таңдауларында дұрыс бағыт сілтеп, келешекте заңға қайшы әрекеттерге бармауына жол бермейді. Сонымен қатар, бұл кездесулер — жастар мен қоғам арасындағы сенімді байланыс орнатудың тиімді құралы.




