Шымкент қаласында жастардың бойында есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру, нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау бағытында жүйелі әрі кешенді профилактикалық жұмыстар атқарылуда.
Бұл бастама Шымкент қаласы Полиция департаментінің «Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, есірткі қылмыстарымен күресті күшейту және оның заңсыз айналымына тосқауыл қою мақсатында қолға алынған.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы нәтижелер
Полиция департаменті қызметкерлерінің жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 2025 жылдың қаңтар–маусым айлары аралығында есірткіге қатысты 286 құқықбұзушылық тіркелген. Оның ішінде:
101 іс – қылмыстық құқықбұзушылық,
185 іс – қылмыстық теріс қылық ретінде рәсімделген.
Анықталған деректердің ішінен:
61-і – есірткі сату,
9 – аса ірі көлемде сақтау,
6 – есірткі жарнамасы,
22 – есірткі өсімдіктерін заңсыз өсіру фактілері болды.
Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 100 келіге жуық есірткі заты тәркіленді. Оның ішінде:
60 келіден астамы – марихуана,
16 келіден астамы – синтетикалық есірткі болып отыр.
Интернеттегі есірткі саудасына тосқауыл
Синтетикалық есірткімен күрес аясында Полиция департаменті интернет кеңістігіне жүйелі мониторинг жүргізіп келеді. Бұл бағытта 2025 жылдың алғашқы жартысында:
1001 интернет-ресурс (сайттар мен әлеуметтік желідегі парақшалар) бұғаттауға жолданды;
Қылмыстық әрекеттерде пайдаланылған 1380 банк шоты анықталып, бұғатталды;
46 млн теңгеден астам заңсыз қаржы айналымына тосқауыл қойылды.
Сонымен қатар, интернет арқылы синтетикалық есірткіні таратуға қатысты 33 қылмыстық дерек тіркеліп, олардың 17-сі бойынша іс сотқа жолданды. Аталған істер бойынша 38 адам ұсталып, заң аясында жауапкершілікке тартылды.
«Қарасора – 2025» жедел алдын алу іс-шарасы
2025 жылдың 1 маусымы мен 30 қазаны аралығында Шымкент қаласы аумағында «Қарасора – 2025» жедел алдын алу іс-шарасы өтуде.
Операцияның алғашқы айының өзінде:
29 келіден астам есірткі заты тәркіленді.
Оның ішінде:
17 келісі – сора өсімдігі,
8 келіге жуығы – синтетикалық есірткі,
5 келіден астамы – марихуана.
Бұл көрсеткіштер құқық қорғау органдарының есірткімен күресте белсенді әрі тиімді жұмыс жүргізіп жатқанын көрсетеді.
Жастармен жұмыс: 23 мыңнан астам оқушы мен студент қамтылды
Шымкент қаласында нашақорлықтың алдын алудағы маңызды бағыт – жастармен жүйелі жұмыс жүргізу. Осы мақсатта:
Білім беру ұйымдары мен жастар жиі шоғырланатын орындарда
106 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды;
Бұл шараларға 23 мыңнан астам оқушы мен студент қамтылды.
Аталған кездесулер барысында жастарға:
Есірткінің зияны,
Оның адам ағзасына және психикасына тигізетін кері әсері,
Құқықтық жауапкершілік,
Нашақорлықтың өмірге әкелетін ауыр салдары жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар жасөспірімдер мен студенттерге психологиялық қолдау көрсету, қиын жағдайларда қайда жүгіну керектігі, сенім телефондары мен арнайы платформалар туралы ақпарат берілді.
Шымкент қаласында есірткі қылмыстарының жолын кесу, оның заңсыз айналымына тосқауыл қою және жастардың бойында құқықтық әрі салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Алдын алу – басты қорған. Есірткіге қарсы күрес тек қана полиция мен құқық қорғау органдарының емес, барша қоғамның ортақ міндеті. Әрбір ата-ана, ұстаз және азамат жастардың қауіпсіз болашағына бей-жай қарамауы тиіс.




