Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін ерекше форматта өткен көрнекті мәдени шара – «Заң мен Тәртіп» атты фотокөрме көпшіліктің көңілінен шығып, үлкен қызығушылық тудырды. Іс-шара 30 қыркүйек күні «Shymkent Plaza» ойын-сауық орталығында ұйымдастырылып, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің күнделікті тыныс-тіршілігі мен жанқиярлық еңбегін паш етті.
Шынайы бейнелер – шынайы қызмет
Фотокөрмеге қойылған суреттер – жай ғана көркем туындылар емес, олар – қоғам тыныштығын күзетіп жүрген тәртіп сақшыларының адал қызметінен сыр шертетін тірі куәліктер. Экспозицияда патрульдік қызметтен бастап, төтенше жағдайлардағы батыл әрекеттерге дейінгі түрлі сәттер қамтылған. Әрбір кадр – полиция қызметінің күрделі әрі жауапты міндеттерін ашық, бейтарап әрі әсерлі түрде жеткізеді.
Көрмені тамашалаған көрермендер үшін бұл шара – тек әдемі суреттер жиынтығы ғана емес, сонымен қатар адам мен кәсібиліктің, қауіп пен ерліктің, тәртіп пен сенімнің тоғысқан тұсы іспетті әсер қалдырды.
Музыкалық сүйемелдеу мен көрермен әсері
Іс-шараның мазмұнын байыта түскен маңызды элементтердің бірі – Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы оркестрінің өнер көрсетуі болды. Оркестрдің орындауындағы патриоттық және әуезді әуендер көрменің салтанатты әрі мазмұнды атмосферасын толықтырды.
Көрмені жүздеген адам – қала тұрғындары, қонақтар, ата-аналар мен балалар тамашалады. Келушілер қатарында «Жас сақшы» сыныптарының оқушылары да болды. Олар үшін бұл көрме – кәсіби бағдар беретін, патриоттық сезімді оятатын, қоғам алдындағы жауапкершілікті тереңірек сезінуге мүмкіндік беретін жанды сабақ болды.
Келушілердің бірі өз әсерімен бөлісе отырып:
– Бұл көрме арқылы полиция қызметкерлерінің қоғам тыныштығын күзету жолындағы еңбегімен жақынырақ таныстық. Мұндағы суреттерден олардың табандылығы мен өз ісіне адалдығы көрінеді. Әр адам көрмеден өзіне қажетті ой түйеді: біреу үшін – бұл үлгі алатын мамандық, енді біреу үшін – құрметке лайық еңбек, ал кейбіреулерге – шабыт беретін оқиға, – деп пікір білдірді.
Мақсат – сенімді нығайту, тәртіпті дәріптеу
Фотокөрмені ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар қоғам мен құқық қорғау органдары арасындағы байланысты нығайтудың, өзара сенімді арттырудың маңызды құралы болып табылады. Сонымен қатар, полицей бейнесін Заң мен Тәртіптің сенімді қорғаушысы ретінде қалыптастыру – басты басымдықтардың бірі.
– Біз осы фотокөрме арқылы полицейлердің тек әкімшілік және қылмыстық әрекеттермен күресуші ғана емес, сонымен қатар қоғамдық тұрақтылықтың тірегі, бейбіт күннің күзетшісі екенін көрсеткіміз келді, – дейді ұйымдастырушылар.
«Заң мен Тәртіп» фотокөрмесі – бұл тәртіп сақшыларының беймәлім де бейбіт күресін ашып көрсететін, олардың қызметіндегі батылдық пен адамгершілікті дәріптейтін ерекше мәдени іс-шара болды. Мұндай жобалар арқылы полиция қызметінің қоғамдағы оң имиджін қалыптастыруға, жастарды отансүйгіштікке баулуға және азаматтық жауапкершілікке үндейтін нақты қадамдар жасалуда.




