Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан көпсалалы колледжінде жастар арасында нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ақпараттық кездесу өтті. Бүгінгі таңда қоғам үшін өзекті мәселелердің бірі – есірткінің жастарға тигізіп отырған кері әсері. Сондықтан бұл тақырыпты кеңінен талқылау мен алдын алу шараларын күшейту – уақыт талабы.
Кездесуге Шымкент қаласы Психикалық денсаулық сақтау орталығының психиатр-наркологы Баймурунова Раушан Асановна, Түркістан аймақтық қоғамдық бірлестігінің жоба үйлестірушісі Абуталиев Ержан Абдыфаритұлы, сондай-ақ Шымкент қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Садыков Ердәулет Пардахожаевич қатысты.
Мамандар өз сөздерінде есірткінің адам ағзасына тигізетін зиянын жан-жақты түсіндірді. Психиатр-нарколог Раушан Баймурунова нашақорлықтың медициналық зардаптарына тоқталып, оның жүйке жүйесіне, жүрек-қан тамырларына және жалпы денсаулыққа қайтымсыз әсер ететінін атап өтті. Ол студенттерге нақты мысалдар келтіре отырып, тәуелділіктен арылудың қаншалықты қиын екенін түсіндірді.
Қоғамдық бірлестік өкілі Ержан Абуталиев өз кезегінде нашақорлықтың әлеуметтік салдарын тілге тиек етті. Оның айтуынша, есірткі тек жеке адамның денсаулығына емес, оның отбасына, ортасына және жалпы қоғамға үлкен зиян келтіреді. Қоғамда қылмыстың көбеюі, еңбекке қабілетті жастардың азаюы – осы дерттің салдары екенін атап өтті.
Ал полиция майоры Ердәулет Садыков есірткі қылмысына қарсы іс-қимылдың құқықтық қырын түсіндіріп, еліміздегі заңнамаларға тоқталды. Ол есірткі заттарын таратумен немесе пайдаланумен айналысқан адамдардың қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертті. Сонымен қатар, студенттерге күдікті жағдайларды дер кезінде хабарлау қажеттігі айтылды.
Жиын барысында жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауап алды. Әсіресе есірткіге алғаш рет тап болғанда қалай әрекет ету керек, тәуелділіктен сақтанудың қандай жолдары бар деген сұрақтарға ерекше көңіл бөлінді.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастарды нашақорлықтың зияндығын түсіндіріп қана қоймай, оларды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру болды. Мамандар спортпен шұғылдану, пайдалы әдеттерді қалыптастыру және уақытты тиімді пайдалану – жаман әдеттерден сақтанудың басты жолы екенін айтты.
Студенттердің пікірінше, мұндай кездесулер олардың көзқарасын кеңейтіп, болашақта дұрыс шешім қабылдауға ықпал етеді. Жастардың дені есірткіге қарсы күрес – тек мамандардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін түсінді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта да осындай ақпараттық-түсіндіру шаралары оқу орындарында жалғасын табады. Өйткені жастардың денсаулығы мен жарқын болашағы – елдің ертеңі.




