Шымкент қаласында 6698 әскери бөлімінің сарбаздарына арналған маңызды семинар-тренинг өтті. Жастардың бойында кездесетін өзекті мәселелерді талқылауға бағытталған шарада мамандар психологиялық тұрақтылық, өзара қарым-қатынас мәдениеті және өмірлік қиындықтарды еңсеру жолдары жайлы жан-жақты түсінік берді.
Тренинг барысында үш негізгі тақырып қозғалды:
Лудомания – соңғы жылдары жастар арасында кең таралып келе жатқан құмар ойынға тәуелділік мәселесі. Сарапшылардың айтуынша, бұл әдет адамның психологиялық жағдайына теріс әсер етіп қана қоймай, әлеуметтік ортада байланыстарды әлсіретеді, қаржылық қиындықтарға алып келеді. Семинарда мамандар тәуелділіктің алдын алу жолдарын, бос уақытты тиімді өткізу әдістерін түсіндірді.
Конфликт мәселесі – отбасында, достар арасында немесе оқу орны мен қызметте туындайтын кикілжіңдер әрбір жас үшін күрделі сынақ болуы мүмкін. Арнайы жаттығулар арқылы қатысушылар қақтығыстарды шешудің тиімді әдістерін үйренді. Мамандар жастарға ашық диалог құрудың, сабыр сақтаудың және ортақ шешім табудың маңыздылығын атап өтті.
Суицид – қоғам үшін ең өзекті әрі қауіпті мәселе. Жеке тұлғаның жалғыздық сезімі, үмітсіздік пен күйзеліс жағдайы мұндай әрекетке итермелеуі мүмкін. Осыған байланысты психологтар сарбаздарға эмоционалды қиындықтарды жеңудің жолдарын көрсетіп, көмек сұраудың ешқашан ұят еместігін түсіндірді.
Семинар барысында қатысушыларға тек теориялық мәлімет қана емес, практикалық кеңестер де берілді. Интерактивті сұхбаттар, жағдаяттық ойындар арқылы жастар өз ойларын еркін жеткізіп, өмірлік тәжірибелерін бөлісті. Әскерилер мамандарға көкейлеріндегі сауалдарын қойып, нақты кеңестер алды.
Жастар ресурстық орталығының өкілдері мұндай іс-шаралардың жүйелі түрде өткізілетінін айтады. «Әр жас қандай да бір қиындыққа тап болуы мүмкін. Бірақ ең бастысы – жалғыз қалмау, қолдау іздеу. Біз жастарға тыңдаушы да, бағыт беруші де болуға дайынбыз», – дейді ұйымдастырушылар.
6698 әскери бөлімінің сарбаздары үшін өткен бұл семинар олардың өмірлік көзқарасына оң ықпал еткені сөзсіз. Қатысушылар шарадан кейін осындай кездесулердің пайдасы зор екенін айтып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.




