Шымкент қаласында зиянды әдеттердің, әсіресе жастар арасында есірткіге тәуелділіктің алдын алуға бағытталған тың бастама жүзеге асты. Жастар ресурстық орталығы, «Жастар рухы» жастар қанаты және Шымкент қаласы Полиция департаменті бірлесе отырып, «STOP! Graffiti» атты есірткі жарнамаларына қарсы ауқымды тазалық және ақпараттық акция өткізді.
Бұл шараның басты мақсаты – жастарды есірткіге қарсы күреске жұмылдыру, олардың бойында қоғам алдындағы азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру және қала кеңістігін есірткі жарнамасынан тазарту.
ЕСІРТКІ ЖАРНАМАСЫ – ЖАСТАРДЫҢ БОЛАШАҒЫНА ТӨНГЕН ҚАУІП
Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таралатын есірткі өнімдерінің жарнамасы көптеген үйлердің қабырғаларында, аялдамаларда, мектеп маңындағы аумақтарда жиі кездесіп жүр. Бұл – қарапайым жазу емес. Бұл – заңсыз есірткі саудасын насихаттаудың бір түрі. Көбіне граффити түрінде бейтарап сөздермен немесе QR-код арқылы жасырын жолмен жазылады.
Осы орайда, ұйымдастырылған акция барысында қаланың бірнеше ауданында 20-дан астам заңсыз жазу мен белгі боялып, жойылды. Олардың қатарында көпқабатты тұрғын үйлер, аялдамалар, трансформаторлық жәшіктер және басқа да қоғамдық орындар болды.
ЕРІКТІ ЖАСТАР – ҚОҒАМДЫҚ САНАНЫҢ КҮШІ
Акцияға қаладағы түрлі оқу орындарынан ерікті жастар, жастар ұйымдарының мүшелері белсене қатысты. Олар өз қолдарымен бояу, тазарту жұмыстарын жүргізіп, есірткі жарнамаларын жойды. Жастардың белсенділігі мен ынтасы бұл мәселеге бейжай қарамайтынын, өз ортасы мен қоғамның болашағына алаңдайтынын көрсетті.
Жастар ресурстық орталығының өкілдері бұл шараның маңыздылығын атап өтті:
«Есірткі жарнамаларын жою – бұл тек қана тазалық шарасы емес. Бұл – жастардың санасын, өмірлік бағыт-бағдарын дұрыс арнаға бұрудың нақты амалы. Біз жастардың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін осындай жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырамыз».
«Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері акция барысында:
«Біз бүгін жазуды өшіріп қана қоймай, есірткіге қарсылықтың белгісін көрсетіп тұрмыз. Әр адам өз ортасында, өз үйінің ауласында мұндай жазуларды көрсе, бейжай қарамай, тиісті органдарға хабарлауы керек. Бұл – бәрімізге ортақ қауіп», – деді.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің өкілдері бұл бастаманы жоғары бағалап, жастармен бірлескен жұмыстың тиімділігіне тоқталды. Олардың айтуынша, құқық қорғау органдары үшін азаматтардың белсенділігі мен қолдауы – қоғамдық тәртіпті сақтау ісінде үлкен көмек.
«Біз тұрғындарды мұндай жазуларды байқасаңыздар, бірден полицияға немесе 102 нөміріне хабарлауға шақырамыз. Сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдерге арналған түсіндіру жұмыстары да жалғасатын болады», – деді полиция қызметкері.
Акция қорытындысы бойынша, ұйымдастырушылар мен еріктілер тарапынан осындай шараларды тұрақты өткізу туралы шешім қабылданды. Бұл бастама мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарының бірі – салауатты өмір салтын қалыптастыру, зиянды әдеттердің алдын алу және қоғамда құқықтық мәдениетті арттыру жолындағы нақты қадам екені айтылды.
«STOP! Graffiti» – жай ғана бояу шарасы емес. Бұл – есірткісіз болашақ үшін жасалған күрес, бұл – жастардың өз қоғамына бей-жай қарамайтынын көрсететін іс-әрекет. Шымкент жастарының бұл бастамасы өзгелерге де үлгі болары анық.




