Шымкент қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы Жолдауында айтылған басым бағыттарды халыққа кеңінен түсіндіру және оларды жүзеге асыру жолдарын нақтылау мақсатында арнайы кездесу ұйымдастырылды. Жиын барысында цифрландыру және жасанды интеллектіні (ЖИ) дамыту мәселелері басты назарда болды.
Кездесуді қалалық әкімдіктің бастамасымен Шымкент HUB аймақтық инновациялық орталығы өткізді. Оған IT саласының жетекші мамандары, кәсіпкерлер, ЖОО оқытушылары мен студенттер, сондай-ақ цифрлық технологияларға қызығушылық танытқан жастар қатысты.
Жиында сөз сөйлеген Шымкент HUB аймақтық бөлімінің басшысы Құрманғазы Мұратов қаладағы IT саласының даму қарқынына ерекше тоқталды.
– Шымкент HUB-тың басты мақсаты – аймақтағы цифрлық экожүйені дамыту, жастардың инновациялық идеяларын қолдау және оларды жүзеге асыруға жағдай жасау. Жыл сайын 170-тен астам іс-шара өткізіледі. Біз стартап академия, ноу-код курстары, хакатондар, IT лагерлер, тегін оқыту бағдарламалары арқылы жастарды қолдаймыз, – деді Қ.Мұратов.
Оның айтуынша, Шымкент қаласы цифрлық инфрақұрылымды дамытуда елеулі жетістіктерге жетіп отыр. «Smart City» жобалары арқылы цифрлық қызметтерді пайдалану деңгейі соңғы екі жылда 55%-дан 76%-ға дейін өскен. Ал ақпараттық технологияларды қолдану көрсеткіші 44%-дан 85%-ға дейін артқан.
Кездесуге қатысқан «Азия Сервис» компаниясы директорының орынбасары Александр Андреевич пен басқа да сала мамандары жасанды интеллектіні экономикада қолдану мәселесіне ерекше назар аударды.
Олардың айтуынша, ЖИ технологиялары:
-
Кәсіпкерлік саласында – деректерді талдауға, тұтынушы сұранысын болжауға, шығынды азайтуға;
-
Білім беру жүйесінде – оқытуды жекелендіруге, білім сапасын арттыруға;
-
Мемлекеттік басқаруда – шешім қабылдау процесін автоматтандыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар спикерлер ЖИ-дың мүмкіндіктерімен қатар, қауіптері туралы да ескертті. Ақпараттық қауіпсіздік, адами фактордың азаюы, еңбек нарығына әсері сияқты мәселелер қызу талқыланды.
Кездесу аясында студенттер мен жас мамандарға арналған «Стартап Орда» жобасы таныстырылды. Бұл бағдарламада екі ай ішінде қатысушылар өз идеяларын пысықтап, нақты өнімге айналдыруға мүмкіндік алады. Жоба аясында менторлық қолдау, IT мамандармен тікелей байланыс, бизнес модель құру, инвестиция тарту тәсілдері үйретіледі.
Жиын соңында қатысушылар Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, цифрландыру – елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың басты тетіктерінің бірі екеніне тоқталып, бұл бағытта қоғамның әрбір мүшесі белсенді болуға тиіс деген пікірге келді.
– Жасанды интеллект – болашақ емес, бүгінгі күннің қажеттілігіне айналды. Біз оған бейімделіп қана қоймай, оны өзіміздің тиімділігімізді арттыру үшін пайдалануымыз керек. Шымкент – бұл бағытта үлкен әлеуетке ие, – деді жиынға қатысушылар.
Айта кетейік, мұндай ақпараттық кездесулер алдағы уақытта қаладағы басқа да жоғары оқу орындарында өткізіліп, жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған нақты жобалармен жалғаспақ.




