Шымкент қаласында қоғамдық тәртіп пен тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы белсенді түрде жалғасып жатыр. Іс-шараның басты мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, халықпен тығыз байланыс орнату және полиция қызметінің тиімділігін арттыру. Іс-шара аясында учаскелік полиция инспекторлары халықпен жүйелі байланыс орнатып, ел ішінде орын алуы мүмкін заңбұзушылықтардың алдын алуға күш салуда.
Олар тек қана аумақтарды аралап қана қоймай, заманауи технологияларды, әсіресе мессенджерлердегі ортақ чаттарды белсенді қолдана бастады. Бұл байланыс әдісі тұрғындардың полицияға деген сенімін арттырып, жедел әрекет ету мүмкіндігін кеңейтуде. Мысалы, жуырда көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің ауласында орналасқан қоқыс контейнерлеріне құрылыс қалдықтары заңсыз тасталғаны туралы тұрғындардың бірі чат арқылы хабарлама жіберген. Учаскелік инспектор бұл жағдайға жедел әрекет етіп, құқық бұзушыны анықтап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, құқық бұзушы құрылыс қалдықтарын арнайы белгіленген орынға шығарды.
Бұл жағдай халықтың полицияға жүгінуінің нақты нәтижесін көрсетіп, сенімді нығайтты. Полиция қызметкерлері мессенджерлер мен басқа да байланыс арналарын пайдалана отырып, тұрғындармен интерактивті жұмыс жүргізуде. Әрбір учаскелік инспектордың байланыс нөмірі, WhatsApp және Telegram топтары арқылы ашық түрде қолжетімді болуы – полицияның ашықтығы мен халыққа жақындығының дәлелі. Мұндай әдістер халықтың өтініштері мен шағымдарын жедел қарастыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және тәртіп бұзған азаматтарға қатысты шұғыл шара қабылдауға мүмкіндік береді. «Учаске» – құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызды құралы Іс-шара барысында полиция қызметкерлері тек құқық бұзушылықтарға қарсы әрекет етіп қана қоймай, түсіндіру және алдын алу бағытындағы ақпараттық жұмыстарды да қарқынды жүргізуде.
Халық арасында «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету, құқықтық сауаттылықты арттыру, қоғамдық тәртіпті сақтау мәдениетін қалыптастыру мақсат етілуде. Сонымен қатар полиция өкілдері тұрғындардың қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау үшін күнделікті негізде көпқабатты үйлердің аулаларын, сауда орындарын, базарларды, көшелер мен қоғамдық орындарды аралап, азаматтармен тікелей кездесулер өткізуде. Бұл кездесулер кезінде азаматтардың ұсыныстары мен өтініштері тыңдалып, нақты жауаптар беріледі. Полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, мұндай профилактикалық іс-шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алуға ғана емес, қоғамда сенімділік пен тәртіптілікті нығайтуға да ықпал етеді. Халық өз учаскелік инспекторларын жақсы тануы және қажет болған жағдайда тікелей байланысқа шыға алуы – қоғамдық қауіпсіздіктің негізі.
– «Біздің мақсат – халықпен тығыз әрі ашық байланыс орнатып, қоғамда заң мен тәртіпті қамтамасыз ету. Осы бағытта учаскелік инспекторлардың жұмысы маңызды рөл атқарады. Олар әрқашан тұрғындардың жанынан табылып, қиын жағдайда көмек көрсетуге дайын болуы керек», – дейді Шымкент қаласы ПД басшылығы. «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы – құқық бұзушылықтарға тосқауыл қоюдың ғана емес, полиция мен халық арасындағы сенім мен серіктестікті нығайтудың тиімді құралына айналып отыр. Іс-шара жалғасуда және бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жүргізіле бермек.




