Шымкент қаласында полиция қызметкерлері ет сататын нүктелер мен мал тасымалдау бағытында күшейтілген тексеріс жұмыстарын жүргізді. Бұл шара Ішкі істер министрлігінің және Шымкент қалалық полиция департаменті басшылығының тапсырмасы негізінде жүзеге асырылып отыр.
Мақсат – мал ұрлығының алдын алу, ет өнімдерінің заңды әрі қауіпсіз айналымын қамтамасыз ету, сондай-ақ мал және ет өнімдерін тасымалдау мен сатудағы заңбұзушылықтардың жолын кесу.
Шара аясында Шымкент қаласы ПД құрылымдарының қатысуымен арнайы мобильді топтар құрылды. Олар:
-
Мал ұрлығының жолын кесу;
-
Тасымалданып жатқан малдың нақты иесін анықтау;
-
Ет және мал өнімдерін сататын нүктелерді тексеру;
-
Мал сою орындарын бақылау;
-
Ет тасымалдайтын автокөліктерге қадағалау жасау жұмыстарын жүргізуде.
Тексеру барысында:
-
18 шаруа қожалығы,
-
64 ет сататын сауда орны,
-
12 мал тасымалдаушы автокөлік,
-
мал сою орындары қамтылды.
Ветеринарлық қызмет мамандарымен бірлескен рейдтер барысында төрт түлік малды құжатсыз тасымалдау, мал союға немесе ет сатуға рұқсат беретін тиісті сертификаттардың болмауы сынды құқық бұзушылықтар анықталды.
Аталған іс-шаралар нәтижесінде жыл басынан бері 147 әкімшілік құқықбұзушылық бойынша хаттама толтырылды.
Қоғам қауіпсіздігі – ортақ міндет
Полиция департаментінің мәліметінше, бұл рейдтер тексеріс мақсатында ғана емес, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, азаматтардың денсаулығын қорғауға, сондай-ақ заңсыз ет өнімдерінің айналымына тосқауыл қоюға бағытталған.
Қазіргі таңда барлық сала мамандары мен жергілікті атқарушы орган өкілдері жұмылдырылып, мал ұрлығына қарсы күрес бағытындағы жұмыстар қарқын ала түсуде.
Қалалық полиция департаменті тұрғындарды және кәсіп иелерін мал мен ет өнімдеріне қатысты заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Ет саудасымен айналысатын азаматтарда:
-
малдың шыққан жерін растайтын құжат,
-
ветеринарлық анықтама,
-
тасымалға және саудаға рұқсат беретін тиісті сертификаттар болуы тиіс.
Мұндай талаптар тек заң аясында жұмыс істеуге мүмкіндік береді және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сеп болады.
Бұл бағыттағы тексерулер алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады. Құқық қорғау органдары мен жергілікті билік мал ұрлығы мен заңсыз ет өнімдерінің айналымына қарсы күресті күшейтуді жалғастырмақ.




