ШЫМКЕНТ. Шымкент қаласында полиция қызметкерлері ірі көлемдегі есірткі плантациясын анықтап, жойды. Заңсыз есірткі өсімдіктері қала шетінде орналасқан егістік алқапта, кәдімгі көкөністердің арасына жасырылған күйде табылды. Бұл дерек «Қарасора – 2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында әуеден жүргізілген бақылау нәтижесінде анықталды.
Полицейлер бұл деректі пилотсыз ұшу аппараты (дрон) арқылы әуеден бақылау кезінде байқаған. Бейнебақылау кадрларында көкөністердің арасында ерекше биік және қою жасыл түсті өсімдіктер көзге түскен. Кейінгі тексеру кезінде олардың есірткілік сора өсімдігі екені нақтыланды.
127 келіге жуық есірткі тәркіленді
Тәртіп сақшылары жүргізген рейд барысында жалпы 127 келіден астам есірткілік өсімдік табылып, тәркіленді. Оның ішінде:
-
52 түп сора өсімдігі;
-
Құрғақ күйде дайындалған марихуана да бар.
Аталған өсімдіктер заңнамаға сәйкес, есірткі құралдарының қатарына жатады және олардың заңсыз айналымы қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Тексеру нәтижесінде Шымкент қаласының тұрғыны бұл плантацияның иесі ретінде күдікке ілінді. Ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабы («Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді заңсыз өсіру») бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция департаментінің мәлімдеуінше, мұндай жасырын плантациялар әсіресе ауылдық аймақтар мен қала шеттерінде жиі кездеседі. Сол себепті құқық қорғау органдары дрондар, кинологиялық қызметтер, жедел іздестіру топтарын пайдалана отырып, мұндай қылмыстардың жолын кесуге күш салып отыр.
– Есірткімен күрес – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басым бағыттардың бірі. Әсіресе жастар арасында есірткіге әуестенудің алдын алу үшін мұндай заңсыз әрекеттердің түбегейлі жойылуы қажет, – дейді Шымкент қалалық Полиция департаментінің өкілдері.
Аталған факті «Қарасора – 2025» республикалық жедел алдын алу шарасы аясында тіркеліп отыр. Бұл бастама ел аумағында есірткі өсімдіктерін заңсыз өсіру, тарату және пайдалану әрекеттерін анықтауға бағытталған.
Полиция өкілдері тұрғындарды есірткі құралдары туралы кез келген күмәнді жағдайлар туралы дереу құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырды.
Заң алдында бәрі тең. Есірткіге жол жоқ!




