Шымкент қаласында өскелең ұрпақтың құқықтық сауатын арттыру, заңға құрмет пен жауапкершілік сезімін қалыптастыру мақсатында ауқымды іс-шара жүзеге асырылды. Қалалық полиция департаментінің бастамасымен аудандық полиция басқармаларына қарасты жедел уәкілдер қала мектептеріндегі жоғары сынып оқушыларымен жүздесті.
Жалпы 300 мектепті қамтыған бұл шара аясында 100 мыңға жуық оқушыға құқықтық түсіндіру сабақтары өткізілді. Кездесулер интерактивті форматта ұйымдастырылып, оқушылардың қызығушылығын тудырған өзекті тақырыптар қамтылды.
Кездесулер барысында полицейлер оқушыларға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларын түсіндіріп, олардың күнделікті өмірде қандай құқықтары мен міндеттері бар екенін айтып өтті. Заң бұзушылықтың алдын алу жолдарына тоқталып, заң талаптарын елемеудің салдары қандай болатынын нақты мысалдармен түсіндірді.
Сонымен қатар құқық бұзушылықтың түрлері, оның ішінде әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік мәселелері кеңінен талқыланды. Полицейлер жасөспірімдерге жас ерекшеліктеріне қарай қандай әрекеттер үшін жауап беретінін, заң алдындағы жауапкершілік қай жастан басталатынын нақтылап жеткізді.
Түсіндіру сабақтарының маңызды бөлігінің бірі – буллинг тақырыбы болды. Мектеп ішінде қатарластарының қысым көрсетуі, мазақтау, оқшаулау, қорқыту секілді теріс әрекеттердің бала психикасына тигізетін зияны мен оның заңдық жауапкершілігі кеңінен талқыланды.
Полицейлер буллингтің физикалық, психологиялық және кибербуллинг секілді түрлеріне тоқталып, егер оқушы өзіне немесе өзгеге қатысты мұндай жағдайдың куәсі болса, мұғалімдер мен құқық қорғау органдарына жедел хабарлау қажет екенін еске салды.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, мұндай кездесулер тек ақпарат беру мақсатында емес, жастарды ерте жастан құқықтық мәдениетке баулу үшін де маңызды. Оқушылардың құқықтық сауатты болуы олардың болашақта заңды бұзбай, дұрыс таңдау жасап, қоғамның белсенді әрі жауапты мүшесіне айналуына ықпал етеді.
– Қазіргі таңда жасөспірімдердің арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу – басты міндеттеріміздің бірі. Сол себепті біз құқықтық түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеміз. Оқушылармен еркін форматта пікір алмасып, оларды мазалаған сұрақтарға нақты жауап беруге тырысамыз. Бұл олардың сенімін арттырады, – деді қалалық полиция департаментінің өкілдері.
Полиция қызметкерлері осындай құқықтық дәрістер мен кездесулер алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық тәрбие беру – қоғамның тұрақты дамуының кепілі екенін ескерсек, бұл бағыттағы жұмыстардың маңыздылығы арта бермек.
Мектеп әкімшіліктері мен ұстаздар қауымы да полициямен бірлесе жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдіріп, жасөспірімдердің бойына заңға құрмет пен жауапкершілік сезімін дарыту – баршаға ортақ міндет екенін жеткізді.




