Шымкент қаласындағы мектептерде 2025–2026 жаңа оқу жылы оқушылар үшін тек біліммен ғана емес, маңызды тәрбиелік шаралармен де басталды. Соның бірі – оқушылар арасында құқықтық сана мен заңға құрметті қалыптастыруға бағытталған «Прокурорлық сағат» жобасы.
Ауқымды іс-шараны Шымкент қаласы прокуратурасы мен Білім басқармасы бірлесе отырып ұйымдастырды. Жоба аясында қаладағы 290 мектептің оқушылары қамтылып, оларға құқықтық білім беру, құқық бұзушылықтың алдын алу және заңға бағынышты тұлға қалыптастыру бағытында мазмұнды кездесулер өткізілді.
«Прокурорлық сағат» – балалар мен жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыру, олардың бойында құқыққа құрметпен қарау және заң аясында әрекет ету мәдениетін қалыптастыруды көздейтін кешенді жоба.
Шымкент қалалық прокуратурасы басқарма басшысының орынбасары Бекжан Батырбекұлы бұл жобаға үлкен үміт артылып отырғанын атап өтті:
– Бүгінде жастар арасында кездесетін құқықбұзушылықтың алдын алу – ең өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан біз білім беру ұйымдарымен тығыз байланыс орнатып, осы іс-шараны тұрақты түрде өткізіп тұруды қолға алдық. Құқық қорғау органдарының ардагерлері де жастармен кездесулерге белсенді қатысып жатыр. Бұл – тәрбиелік жұмыстың нәтижелі болуына оң ықпал етеді.
Іс-шара барысында оқушылар тек тыңдаушы ретінде ғана емес, пікір білдіруші, сұрақ қоюшы, талқылауға қатысушы ретінде белсенділік танытты. Олар құрдастарының арасында жиі кездесетін құқықбұзушылықтың себептері, достық ортаның ықпалы және әлеуметтік желілердегі қауіп-қатер туралы өз ойларын ортаға салды.
Тәжірибелі мамандар жастардың құқықтық санасын қалыптастыруда олардың қоршаған ортасы – достары, отбасы, әлеуметтік желідегі ақпарат ағынының әсері зор екенін атап өтті.
Кездесу барысында оқушыларға құқықтық көмек көрсетуге арналған «Айдос» жобасы кеңінен таныстырылды. Бұл – жастарға психологиялық және құқықтық қолдау көрсетуге бағытталған заманауи құрал.
Оқушыларға TikTok-тағы @IDos парақшасы көрсетіліп, анонимді түрде сұрақ қою, кеңес алу жолдары түсіндірілді. Бұл формат жастар үшін тиімді және қолжетімді болуымен ерекшеленеді.
Мектеп әкімшілігі мен мұғалімдер қауымы да аталған жобаға оң бағасын беріп, құқықтық мәдениетті қалыптастыруда бұл бастаманың рөлі зор екенін айтты.
Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығы басшысының міндетін уақытша атқарушы Аружан Әлжан:
– Бұл іс-шара жастарға бағыт-бағдар беріп, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға жол ашады. Құқық бұзушылықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның міндеті. Осы ретте мектеп пен отбасы бірлесе жұмыс істесе, нәтиже әлдеқайда жоғары болмақ.
Жоспар бойынша, «Прокурорлық сағат» Шымкент қаласының мектептерінде тұрақты негізде өткізіліп тұрады. Арнайы график негізінде барлық білім беру ұйымдары қамтылып, құқық қорғау органдары мен психологтар, заңгерлер және ардагерлермен кездесу ұйымдастырылмақ.
Бұл бастама жас ұрпақтың заңды білуге, оны құрметтеуге, құқықтық мәдениетті бойына сіңіруге бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.




