Шымкент қаласындағы №50120 әскери бөлімінде ел қауіпсіздігін нығайту бағытында маңызды әрі тарихи сәт орын алды. Аумақтық қорғаныс бригадасының оқу-жаттығу алаңында әскери міндетті азаматтардың салтанатты түрде Отанға адалдық антын қабылдау рәсімі өтті. Бұл оқиға – азаматтық борыш пен патриоттық рухтың айқын көрінісі.
17–26 қыркүйек аралығында Шымкент қаласында резервтегі әскери міндеттілерге арналған он күндік арнайы тактикалық оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр. Жиын Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылып, аумақтық қорғаныс жүйесін нығайту, мобилизациялық даярлықты арттыру және азаматтардың жауынгерлік қабілетін жетілдіру мақсатында қолға алынған.
Шараға қатысып жатқан 90-нан астам әскери міндетті азамат күнделікті саптық дайындық, атыс жаттығулары, тактикалық қозғалыс пен қару қолдану секілді негізгі әскери машықтарды меңгеруде. Жиын бағдарламасы әскери тәртіп пен құрылымға сай әзірленіп, кәсіби офицерлік құрамның жетекшілігімен жүргізілуде.
56 сарбаз алғашқы рет әскери ант қабылдады
Бұл жолғы жиынның ерекшелігі – бұған дейін әскери ант қабылдамаған 56 әскери міндетті азаматтың Отанға адалдық сертін беруі болды. Салтанатты рәсім жоғары деңгейде өтті: алаңда Қазақстан Республикасының Туы көтеріліп, әскери оркестр шеру тартты. Жауынгерлердің салтанатты түрде ант беруі – бұл жай ғана рәсім емес, олардың ел алдындағы парызын қабылдау сәті.
Ант қабылдау сәтінде сарбаздардың ата-аналары, туыстары, Шымкент қаласының аудандарынан келген әкімдер мен орынбасарлар, сондай-ақ жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. Бұл – қатысушылар үшін үлкен қолдау әрі рухани демеу болды.
Жиынға қатысушылардың бірі, әскери міндетті Алексей Булгаков бұл шараның маңыздылығын ерекше атап өтті:
«Биылғы әскери жиындарға қатысу – мен үшін үлкен мәртебе және жауапкершілік. Мұндағы дайындық өте жоғары деңгейде өтуде. Таңертең ерте тұрып, әскери тәртіппен жаттығу жасаймыз. Күнделікті кесте нақты белгіленген: саптық дайындық, қаруды қолдану, ұрыс тактикасы – бәрі де жүйелі жүргізілуде. Бүгін мен үшін айрықша күн – Отанға адалдық антын қабылдап, ел қорғаушылар қатарына қосылдым. Бұл – үлкен құрмет әрі өмірлік сабақ», – дейді ол.
2019 жылдан бастап Қазақстанда кезең-кезеңімен енгізіліп келе жатқан аумақтық қорғаныс жүйесі – мемлекеттің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды тетік. Бұл жүйе төтенше жағдайлар кезінде, табиғи апаттарда, жаппай тәртіпсіздіктер жағдайында жедел әрекет етуге, стратегиялық нысандарды қорғауға және халықты эвакуациялауға арналған.
Шымкент қаласындағы №50120 әскери бөлім командирінің орынбасары Мақсат Оспановтың айтуынша, мұндай жиындар тек әскери машықты арттырып қана қоймай, патриоттық рухты көтереді:
«Аумақтық қорғаныс – бұл тек әскери бөлімдердің жұмысы ғана емес. Бұл – құқық қорғау органдарының, жергілікті атқарушы биліктің және азаматтардың бірлескен іс-қимылы. Мұндай шаралар елге деген сүйіспеншілікті арттырып, жастарды жауапкершілікке тәрбиелейді», – дейді ол.
Шымкентте өтіп жатқан бұл әскери жиын – тек дайындық емес, бұл – ел алдындағы адалдық пен азаматтық парыздың көрінісі. Жас сарбаздардың ант беруі – Қазақстанның бейбітшілігі мен тұрақтылығы үшін қызмет етуге дайын екенінің айғағы.
Бүгінгі бейбіт күннің өзінде ел қорғанын нығайту, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әрбір саналы азаматтың борышы. Ал ант қабылдаған сарбаздар осы жауапкершілікті терең сезініп, Отан алдында адал болуға серт берді.




