Шымкент қаласында жастардың есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастыру, зиянды әдеттердің алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында кезекті түсіндіру кездесуі өтті. Бұл жолы жиын Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтикалық академиясының студенттерімен ұйымдастырылды.
Шараны Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, Жастар ресурстық орталығы және «Шаңырақ» жастар мен жас отбасыларды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігі бірлесіп өткізді.
Кездесудің басты мақсаты — жастар арасында есірткі, темекі және ішімдік секілді зиянды заттардың денсаулыққа және болашаққа тигізетін кері әсерін нақты мысалдармен түсіндіру. Сонымен қатар, «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасы аясында да кеңес беру жұмыстары қатар жүргізілді.
Шараға қатысқан спикерлер қатарында полиция майоры, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Бауыржан Карбеков, психологиялық коуч-тренер Көмек Ертаев, практик-психолог Айсұлу Тұрсынбаева және қоғамдық ұйым басшысы Сабира Байзахова болды.
– ҚР Ішкі істер министрлігі мен Шымкент қаласы әкімдігінің тапсырмасына сәйкес, «Жастар арасында нашақорлықтың алдын алу» және «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» тақырыптарында кешенді түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін қаладағы барлық колледждер мен ЖОО-ларда осындай кездесулер өткізіледі, – деді полиция майоры Бауыржан Карбеков.
Кездесу барысында құқық қорғау органдарының өкілдері жастар арасындағы есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың нақты статистикасын ұсынды.
2025 жылдың басынан бері Шымкент қаласында есірткіге байланысты 200-ден астам қылмыстық іс қозғалған, олардың ішінде 58 жағдайға 29 жасқа дейінгі азаматтар тікелей қатысқан. Бұл — жастардың есірткі айналымына тартылу қаупінің әлі де жоғары екенін көрсетеді.
Жиын барысында қатысушыларға интернеттегі есірткі жарнамалары мен онлайн сату арналарының қауіптілігі туралы да ақпарат берілді.
– Жыл басынан бері 4 000-нан астам есірткі сатумен айналысатын интернет-сайттар анықталып, бұғатталды. Сонымен қатар, бірнеше дәріханада дәрігердің рецептісіз сатылған, есірткінің орнын алмастыратын дәрілер тәркіленді, – деп атап өтті полиция қызметкерлері.
Кездесуде тек заңдық аспектілер ғана емес, жастардың психологиялық жағдайы, стресс пен әлеуметтік қысыммен күресу жолдары да сөз болды.
Психологтар мен коуч-тренерлер студенттермен ашық әңгіме жүргізіп, зиянды әдеттерге тәуелділіктің алдын алу, ішкі мотивацияны дамыту және дұрыс шешім қабылдау механизмдерін түсіндірді.
Іс-шара соңында ұйымдастырушылар жастарға арнап арнайы дайындалған ақпараттық жадынамалар таратты. Онда есірткінің зардаптары, құқықтық жауапкершілік, салауатты өмір салтының артықшылықтары және көмекке жүгінуге болатын мекемелердің байланыс нөмірлері көрсетілген.
Мұндай кездесулер — жастардың өмірлік көзқарасын қалыптастыруға, өз болашағына деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды қадам. Шымкент қаласы әкімдігі мен құқық қорғау органдары бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастыра бермек.




