2025 жылдың 12 шілдесінен бастап Қазақстанда қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін толықтай жабатын киім түрлерін киюге тыйым салатын заң күшіне енді. Бұл шешім қоғамда әртүрлі пікірлер тудырғанымен, оның басты мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тәртіпті сақтау.
Жаңа норманың мәні неде?
Жаңа заң қоғамдық орындарда жеке тұлғаны тануға мүмкіндік бермейтін киім түрлерін шектеуді көздейді. Бұл – терроризм мен экстремизм қаупі артып отырған қазіргі жаһандық жағдайда қабылданған орынды әрі қажет шешім. Бет-әлпетті толық жабу арқылы азаматтар бейнебақылау жүйелері мен құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалып, түрлі заңсыз әрекеттерге жол ашуы мүмкін.
Тыйым діни сенім бостандығын шектеуге бағытталмағанын ерекше атап өткен жөн. Бұл норма адамның сеніміне емес, тек қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін киім элементтеріне қатысты қолданылады.
Тыйым қандай киімдерге қатысты?
Заң бойынша қоғамдық орындарда:
-
Балаклава (бет пен басты толықтай жабатын бас киім),
-
Никаб (тек көз ашық қалатын киім түрі),
-
Бет-әлпетті толықтай жауып тұратын маскалар,
-
Және басқа да жеке тұлғаны тануға кедергі келтіретін элементтерді киюге тыйым салынады.
Бұл – қоғамдағы ашықтық пен сенімділікке негізделген орта қалыптастыруға бағытталған нақты қадам.
Қандай киімдерге рұқсат етіледі?
Заң азаматтардың діни сеніміне құрметпен қарайды. Сол себепті бет-әлпетті жаппайтын, бірақ бас кию элементі бар киімдерге тыйым салынбайды. Атап айтқанда:
-
Хиджаб,
-
Шейла,
-
Химар,
-
Аль-Амира сынды бас киімдер еркін түрде пайдаланылуы мүмкін.
Олардың басты ерекшелігі – бет ашық болып, тұлғаны тануға мүмкіндік береді.
Тыйым кімдерге және қандай жағдайда қолданылмайды?
Заңда бірқатар ерекше жағдайлар қарастырылған. Мысалы, бет жабуға:
-
Суық ауа райында шарф немесе бетжапқыш тағуға;
-
Медициналық себептермен (мысалы, эпидемия кезінде бетперде тағу);
-
Қызметтік қажеттілікпен (дәнекерлеуші, медицина қызметкері, құтқарушы және т.б.);
-
Мәдени, спорттық және сахналық іс-шаралар кезінде рұқсат етіледі.
Яғни, бұл тыйым барлық жағдайда бірдей және соқыр шектеу емес, нақты қауіпсіздік қаупі бар жағдайларда ғана қолданылады.
Заң не үшін қажет болды?
Қазақстандағы бұл бастама – халықаралық тәжірибеге негізделген шешім. Қазіргі таңда Франция, Бельгия, Австрия, Нидерланды секілді көптеген елдерде де бет-әлпетті жапқан киімдерге шектеу қойылған. Бұл елдерде де басты себеп – қауіпсіздік пен қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету.
Мұндай киім түрлерін қолдана отырып, құқық бұзушылық немесе тіпті теракт жасау деректері әлемнің әр түкпірінде кездесіп отыр. Сондықтан, Қазақстандағы жаңа норма – осындай тәуекелдердің алдын алуға бағытталған құқықтық қадам.
Құқық шектелмейді, қауіпсіздік артады
Ең маңыздысы – бұл заң азаматтардың жеке сенімі мен ар-ождан бостандығына нұқсан келтірмейді. Діни сенім – ҚР Конституциясымен қорғалатын құндылық. Ал бұл норма тек тұлғаны тануға кедергі келтіретін жағдайларда ғана іске асады.
Яғни, азамат өз дінін ұстана алады, бірақ егер ол қоғамдық ортада қауіпсіздікке нұқсан келтірмейтін шеңберде әрекет етсе ғана.
Бет-әлпетті толықтай жабатын киімдерге тыйым – бұл шеттету немесе қысым жасау емес, бұл – ашық қоғам мен қауіпсіздікке негізделген заңды талап. Әрбір азамат бұл өзгерісті дұрыс түсініп, заңға бағынуы тиіс.
Мемлекет – азаматтарының сенімін құрметтей отырып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті. Ал бұл заң – сол жолдағы маңызды әрі қажетті қадам.




