Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданында жастардың есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында кең ауқымды акция өтті. «Есірткіге – жол жоқ!» ұранымен өткен бұл шараны қалалық полиция департаменті мен Жастар ресурстық орталығы бірлесіп ұйымдастырды.
Акция барысында мобильді топтар адам көп жиналатын сауда орындары мен орталық базарларды аралап, тұрғындармен тікелей байланыс орнатты. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен жастар ұйымдарының өкілдері қала тұрғындарына есірткі заттарының зияны, олардың заңсыз айналымы және жарнамалану жолдары туралы кеңінен мағлұмат берді.
Мамандар атап өткендей, бүгінгі күні жастар арасында есірткіні тікелей насихаттамаса да, оның бейнесін, символикасын немесе атын пайдалану арқылы жанама жарнамалау жағдайлары жиі кездеседі. Осыған байланысты, мобильді топ мүшелері базардағы киім-кешек дүкендерін, аксессуар сататын нүктелерді арнайы тексеріп, есірткіге қатысты суреттер мен жазулар бар тауарларды сатуға тыйым салынатынын ескертті.
Акция аясында Шымкент қаласы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мамандары есірткі тұтынудың қоғамға, отбасына және адам денсаулығына тигізетін ауыр зардаптары туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп, заң алдында жауапкершіліктің бар екенін нақтылады. Сонымен қатар, олар тұрғындарды мұндай заңбұзушылықтарды байқаса, дереу құзырлы органдарға хабарлауға шақырды.
Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері де өз кезегінде ҚР заңнамасына сәйкес есірткі қылмысына қатысты жауапкершіліктің түрлерін түсіндіріп, құқықтық сауаттылықтың маңызын алға тартты. Олар жастардың құқықтық білімін арттыру арқылы келешекте мұндай жат әрекеттерден аулақ болуға ықпал етуді мақсат тұтады.
Акция барысында қала тұрғындарына арнайы дайындалған ақпараттық парақшалар таратылды. Бұл парақшаларда есірткі жарнамасының қауіптілігі мен оның құқықтық салдары, салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы, сондай-ақ психологиялық және құқықтық көмек көрсететін мекемелердің байланыс нөмірлері көрсетілген.
Аталған түсіндіру жұмысы «Шымкент – есірткісіз қала» жобасы аясында қолға алынған ауқымды шаралардың бірі. Былтыр және биылғы жылы жүзеге асқан бірқатар бастамалардың жалғасы болып табылатын бұл акцияда қала жастарының белсенділігі ерекше атап өтілді. 2024 жылы, мысалы, Шымкентте 1500-ден астам ерікті мен студент қатысқан ауқымды шара ұйымдастырылып, қала аумағындағы жарнамалық сипаттағы есірткіге қатысты граффитилер жойылып, 10 мыңға жуық ақпараттық материал таратылған болатын.




