Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келіп, бірқатар әлеуметтік маңызды нысандардың жұмыс барысымен танысты. Сапардың басты мақсаты – әлеуметтік инфрақұрылымның жай-күйін бағалау және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеу болды.
Вице-премьер №2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болды. Бұл мекеме 18 жастан асқан психоневрологиялық сырқаты бар азаматтарға стационарлық әлеуметтік қызмет көрсететін ірі орталықтардың бірі. Нысан 240 орынға есептелген.
Қазіргі таңда орталықтың ғимараты мен инфрақұрылымына күрделі жөндеу жүргізу және инженерлік желілерді жаңарту қажеттілігі туындап отыр. Ермек Көшербаев аталған мәселені тиісті мемлекеттік органдар мен сарапшылардың қатысуымен қарастырып, оны шешудің нақты жолдарын табу керектігін атап өтті.
«Әлеуметтік қызметтерді қажет ететін азаматтар үшін қолайлы, қауіпсіз және жайлы орта қалыптастыру – Үкіметтің басты міндеттерінің бірі. Сондықтан бұл нысанның жағдайы мен қажеттіліктері егжей-тегжейлі сараланып, тиісті шешім қабылдануы тиіс», – деді Премьер-министрдің орынбасары.
Сапар аясында Ермек Көшербаев Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жұмысымен де танысты. Бұл орталық – зейнет жасындағы азаматтар үшін арналған көпфункционалды кеңістік, онда егде жастағы тұрғындарға әртүрлі бағытта қызметтер ұсынылады.
Атап айтқанда, орталықта:
-
Медициналық және психологиялық кеңес беру,
-
Спорттық және шығармашылық үйірмелер,
-
Компьютерлік сауаттылықты арттыру,
-
Шет тілдерін оқыту сияқты кең ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылуда.
Бүгінгі таңда бұл орталықтың қызметін 130-ға жуық зейнеткер тұрақты түрде пайдаланып келеді.
Вице-премьер зейнеткерлермен ашық әңгіме өткізіп, олардың тұрмыс жағдайы, орталықтағы қызметтер мен ұсыныстарға қатысты пікірлерін тыңдады. Шымкент қаласының тұрғыны Айнагүл Мырзаева орталықтың жұмысына оң баға беріп, өз әсерімен бөлісті:
«Бұл орталық біз үшін тек бос уақытты өткізу орны ғана емес, рухани демалыс пен білім орталығы десем де болады. Мұнда жаңа достар тауып, өзімізді қоғамға пайдалы әрі белсенді сезінеміз», – деді зейнеткер.
Ермек Көшербаев әлеуметтік қызметтердің инклюзивтілігі мен сапасын арттыру, сондай-ақ қарттардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында Үкімет тарапынан нақты шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, әлеуметтік мекемелерді жаңғырту, жаңа форматтағы орталықтар ашу және қызмет сапасын бақылау әлеуметтік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді.
Ермек Көшербаевтың Шымкентке сапары барысында қаланың әлеуметтік нысандарына қатысты бірқатар маңызды мәселелер көтерілуімен қатар, азаматтардың тікелей пікірін тыңдау, олардың нақты ұсыныстарын ескеру мүмкіндігі туды. Бұл – мемлекеттік басқаруда ашықтық пен кері байланыстың маңыздылығын көрсететін маңызды қадам.
Үкімет алдағы уақытта да әлеуметтік салада кешенді жұмыстарды жалғастырып, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобаларды жүзеге асыруды жалғастырады.




