Бүгін Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Абай ауданының әкімі Сұлтанхан Шәкір Асылханұлы аудан аумағындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен инфрақұрылым бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде аудан жаңа даму белесіне қадам басып, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізуде.
257 мыңнан астам халқы бар аудан толықтай газдандырылды
Абай ауданы — Шымкенттің ең ірі және халық тығыз орналасқан аумақтарының бірі. Қазіргі таңда аудан құрамында 27 елді мекен орналасқан, мұнда 257 мыңнан астам тұрғын өмір сүреді. Әкімнің мәлімдеуінше, тұрғындарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейі айтарлықтай жоғары.
— Аудан тұрғындарының барлығы сапалы ауыз сумен және электр қуатымен толық қамтылған. Бұл — қала әкімінің тапсырмасына сәйкес жүйелі жүргізіліп жатқан инфрақұрылымдық жаңғыртудың нақты нәтижесі, — деді әкім.
2025 жылдың ең маңызды жаңалықтарының бірі — аудан аумағының толық газдандырылуы. Атап айтқанда, биыл ақпан айында «Ынтымақ-2» шағын ауданы мен «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабы табиғи газ жүйесіне қосылып, аудан толықтай газбен қамтылды.
Бұл — тек тұрмыстық жайлылықты арттыру ғана емес, экологиялық жағдайды жақсарту мен өмір сүру сапасын көтеруге бағытталған үлкен қадам.
Жол инфрақұрылымында – 100 пайыздық қамту межесі
Абай ауданындағы жол инфрақұрылымын дамыту мәселесі де шешімін тауып келеді. Әкімнің айтуынша, аудан аумағында 1274 көше бар, олардың 844-і асфальтталған. Биылғы жылы 148 көше жөндеуден өтіп, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 100 пайызға жетпек.
— Жоспарланған жұмыстар толықтай орындалса, аудан аумағындағы барлық тас жолдар толықтай асфальтпен жабылады. Бұл тек қолайлы жүріп-тұру ғана емес, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға да оң әсер етеді, — деді Сұлтанхан Асылханұлы.
Жөндеу жұмыстары барысында заманауи технологиялар пайдаланылып, жол сапасына қатаң бақылау орнатылған. Бұл өз кезегінде жолдардың ұзақ мерзімділігін қамтамасыз етпек.
Бүгінде Абай ауданы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша алдыңғы қатарда. Жыл сайын халық саны артып, жаңа тұрғын үй кешендері мен әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Бұл ретте инфрақұрылымды дер кезінде дамыту — басты басымдықтың бірі.
Тұрғындар тарапынан да атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берілуде. Жолдардың жөнделуі, газ, су және электр желілерінің тұрақты жұмысы — күнделікті тұрмыста ерекше маңызға ие.
Брифинг барысында аудан әкімі алдағы жоспарлармен де бөлісті. Оның айтуынша, алдағы уақытта аудан аумағында қоғамдық кеңістіктерді көбейту, аяқжолдар салу, саябақтар мен гүлзарлар санын арттыру, сондай-ақ көше жарықтандыруын толық қамту бойынша жұмыстар жалғасатын болады.
— Біздің мақсат — тек инфрақұрылым тарту емес, тұрғындар үшін қолайлы, қауіпсіз әрі заманауи орта қалыптастыру. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасады, — деп түйіндеді әкім.
Абай ауданы — Шымкент қаласының ең ірі әкімшілік-аумақтық бірліктерінің бірі. Аудан соңғы жылдары демографиялық өсіммен қатар, инфрақұрылымдық даму қарқынымен де ерекшеленіп келеді. Мемлекеттік және қалалық бағдарламалар аясында мұнда жол, жарық, газ, су, әлеуметтік нысандар мен қоғамдық кеңістіктер жүйелі түрде жаңартылып жатыр.




