2025 жылғы 27 тамыз күні Шымкент қаласының Абай, Қаратау және Тұран аудандарының аумағында санитарлық тазалықты қамтамасыз ету және көгалдандыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұл шаралар қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, қолайлы экологиялық жағдай қалыптастыру және Шымкенттің көріктенуіне бағытталған жүйелі жұмыстардың бір бөлігі болды.
Аталған іс-шараларға 100-ден астам жұмысшы, еріктілер және коммуналдық қызмет мамандары жұмылдырылып, 21 бірлік арнайы техника тартылды. Санитарлық тазалық жұмыстары Асар, Шымсити, Қайнарбұлақ, Бозарық шағын аудандары мен Бәйдібек би даңғылы, А2 айналма жолы, Түркістан, Темірлан тас жолы, Бақбаев, Әл-Фараби, Өтегенов, Төлеметов, Арғынбеков, Жиделібайсын, Жаңа талап, Гагарин, Бөлешев, Сырым батыр, Бәйтереков, Ерімбетов және Алматы көшелерін қамтыды.
Нәтижесінде 4 450 метр ұзындықтағы ирригациялық жүйелер толықтай тазартылып, арық-атыздардағы су ағымы қалпына келтірілді. Жиналған тұрмыстық және құрылыс қалдықтарының жалпы салмағы 149 тоннаға жетіп, олар арнайы полигондарға тасымалданды.
Қаланың тазалығын тәулік бойы қамтамасыз ету үшін қосымша жұмысшылар тартылып, мобильді тазалау топтары түнгі ауысымда да қызметін жалғастыруда. Бұл – коммуналдық қызметтердің тиімділігін арттыруға және тазалықтың жүйелі жүргізілуіне бағытталған жаңа тәсіл.
Тұрғындардан келіп түсетін шағымдар мен ұсыныстар негізінде мобильді топтардың маршруты икемделіп, нақты нүктелерде тазалау жұмыстары күшейтілуде. Қоқыс контейнерлерінің уақтылы тазалануы, қоқыс үйінділерін болдырмау және стихиялық ластанудың алдын алу – басты назарда.
Қаланы көгалдандыру – тек сыртқы көркемдік ғана емес, тұрғындардың өмір сапасына, демалыс орындарының жайлылығына және ауаның тазалығына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Осыған орай, 78 маманның қатысуымен Тұран шағын ауданы мен Жаңа Терминал, Сквер-1, Асар ауруханасы аумағында шөп шабу, газондарды күту және санитарлық қырқу жұмыстары жүргізілді.
Биылғы жаз мезгіліндегі жауын-шашынның аздығы мен аптап ыстықтың әсерінен көгалдандыруға ерекше мән беріліп отыр. Суару кестесі қайта қаралып, тамшылатып суару технологияларын енгізу бойынша жұмыстар қолға алынған.
Санитарлық тазалық тек көше бойымен шектеліп қалмай, қоғамдық орындарға да жүргізілді. Сыпырған ата, Арғынбекова, Сейхун, Жантөре ата, Алматы көшелері мен Бәйдібек би даңғылындағы 90 аялдама арнайы тазартылып, жуылды. Сонымен қатар, Алаш қайраткерлері мен елге еңбегі сіңген тұлғалардың ескерткіштері — А.Байтұрсынов, Ғ.Мұратбаев, Д.Қонаев және Б.Момышұлы ескерткіштері де арнайы техникамен жуылып, тазартылды.
Бұл шаралар қаланың эстетикалық келбетін сақтап қана қоймай, санитарлық-гигиеналық қауіпсіздік талаптарына сай келуіне де ықпал етеді.
Шымкент қаласының әкімдігі мен аудандық әкімдіктер санитарлық тазалық пен көгалдандыру жұмыстарын тек маусымдық науқан емес, тұрақты негізде жүргізіп келе жатыр. Бұл бастама қала тұрғындарының қолдауын тауып отыр. Азаматтар тарапынан тазалықты сақтау, қоқыс тастамау, көгалдарды бүлдірмеу туралы түсіністік артып келеді.
Тазалық пен тәртіп – қаланың бет-бейнесі. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, жүйелі түрде жаңғыртылып отырады. Қалалық әкімдік, аудан басшылығы және коммуналдық қызметтер тұрғындарды осы іске белсенді атсалысуға, тазалық мәдениетін арттыруға шақырады.
Шымкент қаласындағы тазалық пен көгалдандыруға бағытталған мұндай кешенді іс-шаралар тұрғындарға жайлы, қауіпсіз әрі экологиялық таза орта қалыптастыруға бағытталған. Бұл – тек қалалық биліктің емес, әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі.
Таза қала — әрбіріміздің қамқорлығымызда.




