Қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіп – қаланың тұрақты дамуы мен тұрғындардың жайлы өмір сүруінің кепілі. Шымкент қаласының құқық қорғау органдары апта сайынғы қылмыстық жағдай бойынша мәліметтерді ұсынып, халықты сақтыққа және заң талаптарын сақтауға шақырып келеді.
Өткен аптада қалалық тергеу органдары 97 қылмыстық істі тіркеген, олардың 5-еуі сотқа жолданды. Ең жиі тіркелетін қылмыстар қатарында:
Алаяқтық,
Ұрлық,
Есірткінің заңсыз айналымы,
Жол-көлік оқиғалары,
Қалта ұрлықтары бар.
Интернет алаяқтық: сақ болыңыз!
Алаяқтық қылмыстарының басым бөлігі интернет арқылы жасалуда. Алаяқтар әртүрлі әдістерді қолданып, аңқау азаматтарды алдап, материалдық шығынға ұшыратуда. Ең жиі кездесетін түрлері:
Әлеуметтік желілер мен сайттарда тауарлар жарнамалап, алдын ала төлем арқылы сатып алушыларды алдау;
«Инвестициялық жобалар» атын жамылып, ақша көбейтуге уәде беру;
Банк немесе мемлекеттік мекеме қызметкері ретінде хабарласып, азаматтардың дербес деректерін сұрау;
Жалған несиелер рәсімдеу арқылы қаржы жымқыру.
Мысалы, «Н» есімді азаматша өзін ықпалды танысым бар деп танытып, мемлекеттен пәтер алып беремін деген уәдемен бір танысынан 4 миллион теңгеден астам қаржыны алдап алған. Қазіргі уақытта аталған іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Халыққа ескерту: Мемлекеттік бағдарлама аясында пәтер алғысы келетіндерге тек ресми мекемелерге жүгінуге кеңес береміз. Құжаттарды делдалдар арқылы емес, тікелей «Отбасы банк», жергілікті әкімдік және халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы рәсімдеңіз.
Есірткімен күрес: жастарды қорғау – ортақ міндет
Соңғы жылдары есірткі қылмыстарының сипаты өзгеріп келеді. Енді дәстүрлі сауда тәсілдерінің орнына интернет-дүкендер мен Telegram-арналар арқылы тарату жиілеген. Бұл – жастар үшін аса қауіпті үрдіс.
Полицияның айтуынша, ұсталғандардың көпшілігі — 18 бен 30 жас аралығындағы азаматтар, арасында жұмыссыз ересектер де бар. Көп жағдайда есірткі таратушылар «курьер», «жасырын жеткізуші» ретінде жұмысқа тартылады.
Мемлекет жастарға білім алу, спортпен айналысу, кәсіп ашу және жұмысқа орналасу үшін түрлі бағдарламалар ұсынып отыр. Дегенмен, әр азамат өз өмірі үшін өзі жауапты, сондықтан жастарды зиянды әдеттерден алшақ болуға, ата-аналарды балаларының бос уақытын тиімді басқаруға шақырамыз.
Жол қауіпсіздігі: апаттың басты себебі – салғырттық
Апта ішінде жол-көлік оқиғаларының саны күрт өскен. Сараптама көрсеткендей, апаттардың негізгі себептері:
Жүргізушілердің жылдамдықты шектен тыс арттыруы;
Телефонға алаңдау және жолға назар аудармау;
Жаяу жүргіншілердің жол ережесін сақтамауы;
Кәмелетке толмағандардың скутер мен самокаттарды заңсыз басқаруы;
Мас күйінде көлік жүргізу.
Полиция департаменті қала тұрғындарын жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және ата-аналарды кәмелетке толмаған балалардың көлік құралдарын басқаруына жол бермеуге шақырады.
Қалта ұрлығы: көпшілік орындарда сақ болыңыз
Соңғы уақытта қалта ұрлығының саны артқан. Алаяқтар көбіне базарларда, қоғамдық көліктерде, ойын-сауық орталықтарында, мерекелік іс-шаралар кезінде әрекет етеді.
Мысалы, 31 шілде күні қалалық бассейнде белгісіз біреу бірнеше азаматтың қалтасынан ұялы телефондарын ұрлап кеткен. Полиция ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғап, кінәлілерді іздестіруде.
Тұрғындарға кеңес:
Қымбат заттарды көпшілік алдында ашық ұстамаңыз;
Қол сөмке, әмиян, телефон секілді құнды заттарыңызды көзден таса ұстаңыз;
Қоғамдық орындарда барынша сақтық танытыңыз.
Қоғамдық қауіпсіздік – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі. Полиция департаменті тұрғындарды заң бұзушылықтарды болдырмауға, күмәнді жағдайлар туындаған кезде 102 нөміріне немесе жақын жердегі полиция бөлімшесіне дереу хабарлауға шақырады.
Қауіпсіздік – өзіңнен басталады!




