Шымкент қаласында қоғамдық қауіпсіздік пен жастардың құқықтық тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағыттағы жұмыстар «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүзеге асырылып келеді.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары тұрғындар арасында құқық бұзушылықтардың, әсіресе жастар арасындағы есірткіге байланысты қылмыстардың алдын алу мақсатында кең көлемде түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету – полиция қызметкерлерінің күн тәртібіндегі басты міндеттердің бірі.
Есірткі жарнамасына – қатаң тосқауыл
Құқық қорғау органдары қаланың ғимараттарында, қоршауларында және аялдамаларында заңсыз есірткі жарнамасын анықтау және жою жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде. Жыл басынан бері 3000-нан астам граффити жазу анықталып, арнайы бояумен өшірілген. Бұл жазбаларда интернет-ресурстардың сілтемелері мен есірткі заттарын таратуға бағытталған белгілер көрсетілген.
Есірткінің заңсыз айналымына қарсы бағытталған бұл шаралар Полиция департаменті басшылығының қатаң бақылауында. Құқық қорғау органдарының бұл әрекеті – қоғамды қауіпті әдеттерден қорғауға бағытталған маңызды қадам.
Жастармен бетпе-бет: мектептер мен колледждерде профилактикалық кездесулер өтуде
Полиция қызметкерлері жастар арасында есірткіге және құқық бұзушылықтарға қарсы профилактикалық кездесулер өткізуді жалғастыруда. Осындай іс-шаралардың бірі Еңбекші ауданындағы №68 жалпы орта білім беретін мектепте өтті. Жиынға 100-ден астам оқушы мен ұстаздар қатысты. Кездесуде жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құқық бұзушылықтар мен олар үшін туындайтын заңдық жауапкершілік мәселелері түсіндірілді.
Болашақ медицина қызметкерлері де бұл бастаманы қолдап отыр. Полиция қызметкерлері оқу орындарында есірткі мен нашақорлықтың алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде. Кезекті шара «Авимед» медициналық колледжінде өтті.
Кездесу барысында студенттерге зиянды әдеттердің салдары мен одан сақтану жолдары кеңінен түсіндірілді. Қатысушылар салауатты өмір салтын ұстануға, бос уақытты тиімді өткізуге және қоғамдық пайдалы істерге белсенді араласуға шақырылды. Колледж студенттері бұл бастамаларды қолдайтындарын және болашақта, мамандық иесі атанған соң, есірткімен күреске өз үлестерін қосуға дайын екендерін жеткізді.




