Қазіргі қоғамда кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу – құқық қорғау органдары мен білім беру мекемелерінің алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Бұл мәселе тек заңнамалық жауапкершілікпен шектеліп қоймай, жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, оларды теріс әрекеттерден сақтандыру және болашаққа дұрыс бағыт-бағдар беру арқылы кешенді түрде шешілуі қажет.
Осы мақсатта Шымкент қаласында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша бірқатар жүйелі, тәрбиелік әрі ақпараттық бағыттағы іс-шаралар өткізілуде. Бұл жұмыстар жас ұрпақты салауатты өмір салтына баулуға, олардың бойында заңға, қоғамға және адамгершілік құндылықтарға деген жауапкершілік сезімін қалыптастыруға бағытталған.
№87 мектеп оқушыларымен профилактикалық кездесу өтті
Шымкент қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Абай аудандық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Қуат Мірқасов №87 жалпы орта білім беретін мектептің жоғары сынып оқушыларымен профилактикалық кездесу өткізді. Бұл маңызды жиынға 200-ге жуық оқушы қатысты.
Кездесу барысында оқушыларға Қазақстан Республикасының әкімшілік және қылмыстық заңнамасы, кәмелетке толмағандарға қолданылатын жауапкершілік түрлері, сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алу жолдары жан-жақты түсіндірілді. Полицейлер нақты мысалдар арқылы оқушылардың құқықтық сауатын арттырып, олардың заң алдындағы жауапкершілік туралы түсінігін кеңейтті.
Сонымен қатар, кездесуде «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу» тақырыбында арнайы дайындалған бейнеролик көрсетілді. Бұл материал жасөспірімдердің назарын өз әрекеттерінің салдарына аударып, заңға бағынудың маңызын ұғындыруға бағытталған.
Полицейлер оқушыларды тәртіптілікке, үлгілі оқуға, өз уақытын тиімді пайдалануға, зиянды әрекеттерден аулақ болуға және спортпен тұрақты түрде шұғылдануға шақырды. Жиын соңында оқушылар тарапынан қойылған түрлі сұрақтарға толыққанды әрі түсінікті жауаптар берілді. Мұндай кездесулердің басты мақсаты – жас буынның құқықтық мәдениетін қалыптастырып, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру.
Тұран ауданында кәсіби қабылдаушы отбасылар мәселесі талқыланды
Осы бағыттағы жұмыстармен қатар, Шымкент қаласы Тұран ауданы полиция басқармасы да балалар құқығын қорғау және отбасылық тәрбие мәселелеріне арналған маңызды жиын өткізді.
Іс-шараға әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Айғаным Мұхтарқызы, «Ұлттық бала асырап алу агенттігі» жобасының басшысы Рахметова Фарида, сондай-ақ денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, қамқоршылық және қорғаншылық органдарының өкілдері мен БАҚ журналистері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – елімізде қабылдаушы кәсіби отбасылар институтын енгізу жөніндегі заң жобасы туралы қоғамға кеңінен ақпарат беру, оның тиімділігі мен маңыздылығын түсіндіру. Қазіргі таңда бұл заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінің жұмыс тобында қаралуда.
Дөңгелек үстел форматындағы талқылауда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына орналастыру жүйесіндегі жаңалықтар мен қиындықтар кеңінен сөз болды. Қатысушылар қабылдаушы ата-аналарға төленетін жалақы, олардың әлеуметтік мәртебесі, құқықтары мен міндеттері, балаларды бейімдеу үдерісі және осы жүйені сүйемелдеу мәселелерін жан-жақты талдады.
Сондай-ақ, қабылдаушы отбасылардың психологиялық және құқықтық дайындығы, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары, балалардың құқықтарын сақтау және олардың мүдделерін қорғау механизмдері туралы да пікір алмасылды.
Іс-шара қорытындысында мемлекеттік органдарға кәсіби қабылдаушы отбасы институтын тиімді түрде енгізу бойынша нақты ұсыныстар мен талдамалық баяндама әзірленіп, тиісті құрылымдарға жолданды.
Жоғарыда аталған іс-шаралар – Шымкент қаласында кәмелетке толмағандар мен әлеуметтік осал санаттағы балалардың құқықтарын қорғау, олардың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне бағытталған кешенді шаралар екенін көрсетеді. Құқықтық түсіндіру жұмыстары мен әлеуметтік қолдау жүйесі үйлесім тапқанда ғана жас ұрпақтың жарқын болашағын қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.




