Қасымбек Сарымбетов – «Күйшілер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі, республикалық және облыстық байқаулардың бірнеше дүркін лауреаты, «Құрметті ардагер» төсбелгісінің иегері, сондай-ақ «Қазақстанның Алтын кітабы» энциклопедиясына енген өнер иесі.
Іс-шара барысында күйшінің өмір жолы мен шығармашылық қызметі жайлы арнайы бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар, қатысушылар арасында «100 КІТАП» ұлттық сауалнамасына сай пікір алмасу өтіп, әдебиетке қызығушылықты арттыруға бағытталған сауалнамалар жүргізілді. Кешке келген әрбір қонақ өз таңдауларын жасап, қазақ әдебиетіндегі таңдаулы туындыларды атады.
Жиын соңында «Гүлшем» өнерлі балалар студиясының домбырашылар ансамблі «Көкпар» және «Мереке» күйлерін жоғары деңгейде орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Қонақтар Қасымбек Сарымбетовке ақжарма тілектерін білдіріп, оның ұлттық өнерге қосқан үлесін ерекше атап өтті.




