«Жастар Рухы» Жастар қанаты Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Менің Елім — Менің Туым» атты кең ауқымды патриоттық акция өтті. Бұл бастама — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздер күніне орайластырылып, елдің әр өңіріндегі жастар арасында отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілікті нығайтуды мақсат етеді. Акцияның алғашқы кезеңі ретінде Шымкент қаласының ірі білім ордаларының бірі — М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті мен Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ғимараттарына 20-ға жуық Мемлекеттік Ту салтанатты түрде ілінді.
Мақсаты — Мемлекеттік Рәміздерге деген құрметті арттыру, жастардың бойында ұлттық сана мен бірегейлік сезімді қалыптастыру, сондай-ақ елдің Тәуелсіздігін ұлықтап, бірлікті насихаттау.
«Жастар Рухы» Жастар қанаты өкілдері акция барысында студенттермен кездесіп, мемлекеттік рәміздердің маңызы, олардың тарихы мен символдық мәні туралы әңгімелеп, арнайы үндеу таратты. Сонымен қатар, патриоттық әндер шырқалып, әлеуметтік желіде #МеніңРәміздерім хэштегімен қолдау білдіру науқаны да бастау алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл акция — жастарды отансүйгіштікке үндейтін ерекше жоба. Айта кетерлігі, «Менің Елім — Менің Туым» акциясы осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Жыл сайын ауқымы артып, жаңа өңірлер мен оқу орындарын қамтып отыр.