Жауын-шашын салдарынан жыртқыш аңдардың вольеріне зақым келіп, жолбарыстар тордан босап шыққан. Аңдар жоғалғаннан кейін қызметкерлер бірнеше өлген жануарлар мен құстарды тапқан. Олардың қатарында маймыл мен түйеқұстар бар. Сондай-ақ 47 жастағы хайуанаттар бағы қараушысының денесі де табылыпты. Куәгерлердің сөзінше, марқұмның денесінде жолбарыстың тырнағы мен тістерінің ізі қалып қойған.
Оқиға 5 ақпан күні Индонезияның Синкаванг қаласындағы Батыс Калимантан провинциясында орын алған. Бұл туралы BBC News хабарлап отыр.
Полиция қызметкерлері жақын маңдағы туристік объектілерге тосқауыл қойып, тұрғындарды үйден шықпауға шақырыпты. Жауаптылар дереу жыртқыш аңдарды іздеу шарасын қолға алған. Мамандар жолбарыстардың ізіне тек 6 ақпан күні түскен. Жыртқыш аңдар тыныштандырғыш дәрінің көмегімен хайуанаттар бағына қайтарылған. Алайда екінші жолбарыс шабуыл жасамақшы болғанда оны атып тастауға тура келген.
Айта кетсек, осыған дейін жолбарыстың Украинадағы Менский хайуанаттар бағының қызметкерін өлтіргені туралы хабарланған болатын. 1973 жылы туылған зообақ қызметкері жануарды тамақтандырып жатқанда жыртқыш аң оған шабуыл жасаған.