Шымкент қаласы Қаратау ауданының «Сайрам» тұрғын алабындағы «Наурыз» саябағында «Бірлік пен татулық – ел тұтастығының негізі» атты аудандық мерекелік іс-шара өтті.
Шара барысында сауда-саттық орындарының жәрмеңкесі, ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Балалар үйі тәрбиеленушілері мен мүмкіндігі шектеулі балалардың сурет көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.
Мерекелік іс-шараның ресми ашылуында Мемлекеттік Гимн орындалып, Қаратау ауданының әкімі Алмас Емелтайұлы Абаев жиналған жұртшылықты құттықтады. Іс-шарада қоғамдық-саяси өмірге белсене араласқан азаматтар мен білім беру және мәдениет мекемелерінің басшылары марапатталды.
Бағдарлама аясында концерттік қойылымдар, ән-билер, музыкалық композициялар орындалды. Сондай-ақ аудандық мәслихат депутаттары, Ардагерлер және Аналар кеңесінің төрағалары, этномәдени бірлестік өкілдері құттықтау сөз сөйледі.
«Мемлекеттік тілім – Мақтанышым!» аудандық эссе байқауының жеңімпаздары арнайы марапатталды. Іс-шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.
Шара аудан тұрғындары арасында достық пен бірлікті нығайтуға үлкен үлес қосты