Түркістан облысында «Таза Қазақстан» кең ауқымды экологиялық акциясына белсенді түрде қатысқан жастарды марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.
Шараға табиғатты қорғауға және қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыруға үлес қосқан белсенділер қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты — экологиялық бастамаларды қолдаған азаматтарды ынталандыру, олардың еңбектерін бағалау және қоғамда экологиялық мәдениетті кеңінен насихаттау.
Марапаттау рәсімі барысында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Болат Жанәбіл сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Таза табиғат — ұлт болашағының кепілі” деген ұстанымын еске сала отырып, қоршаған ортаны қорғау әрбір азаматтың борышы екенін атап өтті. Сонымен қатар, жастардың белсенділігі мен еңбегі қоғамда экологиялық мәдениетті нығайтуға үлкен үлес қосып жатқанын ерекше атап өтті.
Болат Жанәбіл акция аясында ерекше белсенділік танытқан еріктілерге, жастар ұйымдарының өкілдеріне және табиғатты қорғауға үлес қосқан азаматтарға алғыс хаттар мен арнайы марапаттар табысталды. Сонымен бірге, Түркістан облысының 17 аудан-қаласынан белсенділік танытқан 100-ге жуық жас марапатқа ие болды.
Шара барысында жастардың атқарған нақты жұмыстары да атап өтілді. Атап айтқанда, олар саябақтар мен гүлзарларда тазалық жұмыстарын жүргізіп, көшелердегі ағаштар мен гүлдерді күтіп-баптауға белсенді қатысты. Сондай-ақ тарихи-мәдени орындарда «Киелі мекен» экологиялық акциясы аясында сенбіліктер ұйымдастырып, ауылды жерлерде қарт кісілердің және еңбек адамдарының үйлерінің аулаларын тазалап, тұрмыстық көмектер көрсетті.
Былтыр Түркістан облысы Жастар ресурстық орталығының бастамасымен «Жас Түркістан» еріктілер ассоциациясы құрылған болатын. Бұл ассоциация облыстағы волонтер ұйымдар мен бастамашыл топтарды біріктіріп, еріктілікті дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізуді көздейді.
Облыс көлемінде волонтерлікті дамыту мақсатында алты бағыт бойынша ауқымды еріктілік акциялары ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар, экологиялық тәрбиені жастар арасында кеңінен насихаттау үшін «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы мемлекеттік бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. 2024 жылы аталмыш бағдарлама аясында жоспарланған 1 300 жастың орнына 2 093 жас қамтылды. Биылғы жылы да 1 300 жасты қамту жоспарлануда.
Жазғы демалыс айларында «Жасыл ел» жастар отрядтары саябақтар мен гүлзарларда, көше бойындағы ағаштар мен гүлдерді күтіп-баптау жұмыстарымен айналысады. Сонымен бірге, «Киелі мекен» экологиялық акциясы аясында дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, «Мейірімді жүрек» апталығы барысында еңбек адамдарына көмек көрсетіліп, аула тазалау жұмыстары жүргізілді.
Аталған шаралар өңірде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып саналады.