«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні» мерекесі аясында түрлі салаларда еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерді құттықтап, оларға сый-сияпаттар табыстады.
Алғашқы құттықтау қаланың тазалығына ерекше үлес қосып жүрген нәзік жандыларға арналды. Бұл қызметтер қала тұрғындарының күнделікті өмірінде маңызды рөл атқарып, айналамызды таза ұстау ісінде үлкен еңбек пен жанашырлықты талап етеді. Мұрат Жолдыхожаев осы салада еңбек ететін арулардың еңбегін жоғары бағалап, оларға мерекелік сыйлықтарын табыс етті. Осылайша нәзікжандылардың қоғамдағы орны ерекше бағаланды.
Сонымен қатар, партия жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты белсенділерінің аяулы аналарына да айрықша назар аударылды. Ұлттың болашағы жастарға тәлім-тәрбие беретін ата-аналарға құрмет көрсетіп, оларға үлгілі ұл-қыз тәрбиелегендері үшін алғыс айтылды. Мерекелік сыйлықтар жастардың жанашыр аналарына табыс етіліп, олардың еңбектері мен жанкештіліктері ескерілді.
Ал халықты әлеуметтік қорғау мекемесінің қыз-келіншектеріне де ерекше алғыс білдірілді. Бұл саланың мамандары әрдайым қоғамның әлсіз топтарын қолдап, көмек көрсетуде ұдайы қызмет етіп келеді. Мұрат Жолдыхожаев олардың еңбегін бағалап, осы бағыттағы қажырлы жұмыстары үшін алғысын білдірді.
Бұдан бөлек, партияның қалалық және аудандық филиалдарында қызмет атқарып жүрген арулар да ұмыт қалған жоқ. Олар партияның жұмысына белсенді қатысып, түрлі қоғамдық істерде ұстанымдарын танытып жүрген нәзік жандар. Мұрат Жолдыхожаев осы аруларға да бағалы сый-сияпаттар жасап, олардың еңбекқорлығына жоғары баға берді.
Бұл іс-шаралар тек әйелдер қауымының еңбегін құрметтеу ғана емес, олардың қоғамдағы маңызды орнын, рөлін ерекше атап өту болып табылады. «AMANAT» партиясы әйелдердің әлеуметтік өмірде белсенді болуына, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін арттыруға әрдайым назар аударады және бұл бағытта түрлі шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып келеді.
Құттықтау барысында Мұрат Жолдыхожаев барлық нәзік жандарға денсаулық, бақ-береке, бейбіт өмір және жаңа жетістіктер тіледі. Партия төрағасы мереке күні әрбір әйелдің қоғамдағы зор еңбегін ескере отырып, олардың жанқиярлық еңбегінің бағалануы тиіс екендігін жеткізді.