Жылдың суық мезгілі келуімен жіті респираторлық вирусты инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмау ауруының маусымы басталады. Сондықтан ЖРВИ және тұмау ауруынан сақтана білген жөн. ЖРВИ тұмау аурушаңдығының эпидемиялық маусымы 1-ші қазаннан басталып келесі жылдың сәуір айының соңына дейін созылады.
Тұмау – бұл инфекциялық вирусты ауру. Жыл сайын негізінен айналымда А және В типтегі вирустар болуда. Аурушаңдық науқас адамнан дені сау адамға ауа-тамшылы жолмен беріледі. Тұмауды жұқтырған уақыттан бастап клиникалық көріністерінің пайда болу мерзімі бірнеше сағаттан бірнеше күннің арасында өтеді. Тұмаудың негізгі көріністері – жалпы әлсіздік, қатты бас ауру, көз алмасын қимылдатқан уақытта ауру сезімі, қалтырау, ауру ағымына қарай дене қызуының 38-40С көтерілуі, бұлшықет пен буындардың ауру сезімі, көздің жасаурауы, мұрынның бітуі, тамақтың қышуы, тершендік, құрғақ жөтел. Аурудың ұзақтығы 5 күннен 10 күнге дейін созылады.
Тұмаудың салдарынан вирусты және бактериалды пневмонияға, отит, гайморит, менингит, энцефалит, сонымен қатар септикалық асқынуларға әкеліп соқтыруы мүмкін. Өте ауыр жағдайларда жиі өліммен аяқталады.
Тұмаудың алдын алудың ең сенімді жолы- тұмауға қарсы егу болып табылады.
Биыл облыс бойынша тұмауға қарсы Ресейдің «Гриппол плюс» вакцинасының 271 348 дозасы алынды. Жоспарлы профилактикалық егу халықтың осал топтарына (медицина қызметкерлері, алты айдан асқан және жиі ауыратын балалар, 2-3 триместрдегі жүкті әйелдер,ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен мектеп интернат балалары, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін, диспансерлік есепте тұратын және т.б.) тегін жүргізіледі.
Тұмау, ЖРВИ аурушаңдығының алдын алу үшін:
— ең бастысы, тұмау ауруының эпидемиологиялық маусымы алдында — жыл сайын уақытылы тұмауға қарсы профилактикалық егу алу; — әрдайым жеке бас гигиенасын сақтап, қолды әрбір іс-әрекеттен кейін, тамақтың алдында сабындап жуу; -үйде желдету тәртібін сақтап, жиі-жиі желдетіп тұру; -эпидемиялық кезеңде халықтың көп шоғырланған жеріне бармау, баратын жағдайда бетперде тағып, оксалин майын мұрынға жағуды ұмытпау; -егер жанұяңызда жедел респираторлы вирусты инфекциясымен немесе тұмау ауруымен науқастанған жағдайда өз бетімен дәрі-дәрмек қолданбай, үйге жергілікті емханадан дәрігерді шақыртып, мамандырылған ем алу; -қарым-қатынастағыларға жұқтырмау үшін бір реттік бетперде қолданып, бетпердені әр 3 сағат сайын ауыстырып, қолданған бетперделерді балалардың қолы жетпес үшін тез арада жою.
Нышанов Нұрбек Садықбекұлы
ҚР ДСМ СЭБК Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы