Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі Еуропалық комиссияның президенті Франческо Депаскуалені қабылдады.
Қазақстан Республикасы Судьяларының IX съезі аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі Еуропалық комиссияның (CEPEJ) президенті Франческо Депаскуалемен кездесіп, сот жүйесінің реформасы жөнінде пікір алмасты.
Президент Ұйым сот төрелігінің халықаралық стандарттарын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, Қазақстан тарапы құқық қорғау механизмдерінің озық тәжірибесін отандық сот жүйесіне енгізуге айрықша мән беретініне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде құқықтық және демократиялық қағидаттарға арқа сүйейтін мемлекет құру үдерісі қарқынды жүріп жатқанын айтты. Бұл ретте сот жүйесін реформалау және заң үстемдігін қамтамасыз ету өте маңызды рөл атқарады.Өз кезегінде Франческо Депаскуале адам құқықтары мен сот төрелігінің тиімділігін қамтамасыз ету мәселесінде ынтымақтастыққа әрдайым дайын екенін жеткізіп, Қазақстанда осы салада жүргізіліп жатқан реформаларды оң бағалады. Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы У Вон Шикпен кездесті
Қасым-Жомарт Тоқаев У Вон Шиктің Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы ретінде Қазақстанға жасаған алғашқы сапары елдеріміз арасындағы тығыз қарым-қатынастардың дәлелі екенін айтты.
Президент Қазақстанның Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі Оңтүстік Кореямен арадағы санқырлы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын айрықша атап өтті.
Мемлекет басшысы тараптардың парламентаралық ықпалдастықты жандандыру жолындағы күш-жігеріне қолдау білдірді. Бұл – саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайту ісінің маңызды тетігі.
У Вон Шик қонақжайлық танытқаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, қазақ-корей байланысын барлық бағыт бойынша тереңдетуге дайын екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен У Вон Шик автокөлік құрастыру, энергетика, өнеркәсіп, білім және мәдениет салаларында қазір жүзеге асырылып жатқан және алдағы уақытқа жоспарланған бірлескен жобалар жөнінде пікір алмасты.
Әңгімелесу барысында барлық деңгейдегі диалогты жалғастырудың, сондай-ақ көпжақты алаңдар аясындағы кездесулердің маңызды екені айтылды.