Сібір жарасы – адам және жануарлардың жоғары өлімімен өтетін аса қауіпті жұқпалы ауру. Ауру жеке органды ғана емес, тұтас ағзаны да зақымдайды, көп жағдайда терінің, кейде өкпенің, ішектің қабынуын және зақымдануын тудырады. Инфекция көзі науқас жануарлар болып табылады: ірі қара мал, жылқылар, есектер, қойлар, ешкілер, бұғылар, түйелер. Ауырған жануардың зәрі мен нәжісінде ауру қоздырғышы анықталады.
Сібір жарасының жұғу жолдары Қоздырғышы – Bacillus anthracis сібір жарасын тудырушы бацилла. Сыртқы ортаға өте төзімді, спора түрінде топырақта 100 жылға дейін белсенділігін жоғалтпайды. Адам ауруды жануарлардан мал сойғанда, малға күтім көрсеткенде, асқа ауру малдың етін, сүтін қабылдағанда, споралары бар терісін қолданғанда жұқтырады. Аурудың формасына байланысты адамда дене қызуының көтерілуі, тері жарасы, ісіну; ауыр формаларында қанды іш өту және құсу, ішінің ауыруы, өкпе аурулары, жүрек әлсіздігі пайда болады. Емдеусіз ауру өліммен аяқталады.
Алдын алу шаралары: Сібір жарасынан өлген малдарды көмген орындарды анықтау, есепке алу және залалсыздандыру шаралары, сібір жарасы бойынша қолайсыз аймақтардағы жануарлардың екпесін жүргізу. Сібір жарасын жұқтырған немесе күдіктелген жануарларды дереу оқшалау. Қолайсыз тұрғын аймақтарынан жануарлардың әкелінуі мен әкетілуін, ет, сүт және тері шикізаттарының шығарылуын болдырмау. Барлық күдікті жағдайлар жайлы дереу ветеринарлық мекемелерге ақпарат беру. Малды сояр, әсіресе мәжбүрлі сояр алдында ветеринарды міндетті түрде шақыру. Ауру малдың еті мен басқа өнімдерін зертханалық зерттеусіз тамаққа және т.б. мақсаттарда пайдалануға жол бермеу қажет.
Елемесов Бахтыораз Мизамұлы
ҚР ДСМ СЭБК Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы орынбасары