Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров тікелей шетелдік инвестицияларды тартудың озық әлемдік тәжірибесіне арналған дөңгелек үстелде сөз сөйледі. Қазақстанның еуропалық бизнес қауымдастығы (EUROBAK) «Kazakh Invest» ҰК» АҚ және АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігінің қолдауымен ұйымдастырған іс-шараға бірнеше халықаралық инвесторлар, дипломатиялық корпус, халықаралық қаржы институттарының өкілдері қатысты.
Құттықтау сөзінде Ә.Қуантыров қатысушыларды Қазақстанның инвестициялық ахуалы, мемлекеттік қолдау шаралары және елдегі инвестициялық жағдайларды жақсартуға бағытталған соңғы жаңалықтар туралы хабардар етті.
«Біз нормативтік-құқықтық базаны жеңілдету, ашықтықты арттыру және инвесторлардың құқықтарын қорғау арқылы инвестициялардың тиімділігін ынталандыратын нормативтік құқықтық актілерді үнемі жаңартып отырамыз. Құны 60 миллион АҚШ доллары немесе одан да көп басым секторларға ауқымды инвестицияларды тарту үшін арнайы инвестициялық құрал – 25 жылға жеке преференциялардың кең ауқымымен келісілген шарттар тұрақтылығына кепілдік беретін Инвестициялық келісім жұмыс істейді», – деді Министрдің орынбасары.
Өз сөзінде Ә.Қуантыров Қазақстан мен ЕО арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың жемісті дамып келе жатқанын атап өтті.
«Өздеріңіз білетіндей, 2023 жылы Қазақстан мен Еуропалық одақ екіжақты қарым-қатынастардың 30 жылдығын атап өтті. Осы отыз жыл ішінде біздің екіжақты қарым-қатынастарымыз айтарлықтай прогреске қол жеткізді. Осылайша, Еуропалық одақ Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі болды, ол біздің елге тікелей шетелдік инвестициялар ағынының жалпы көлемінің жартысынан көбін құрайды. Сол сияқты, Қазақстан – Еуроодақтың Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі», – деді Министрдің орынбасары.
Дөңгелек үстелдің модераторы EUROBAK бас директоры Джули Куссиди болды. Іс-шара барысында қатысушылар Қазақстандағы Еуропалық делегацияның Елшісі Алешки Симкичтің және Қазақстандағы АҚШ Елшілігінің миссиясы басшысының орынбасары Дебора Робинсонның, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстанның инвестицияларды ынталандыру агенттіктерінің өкілдерінің сөздерін тыңдады. Инвестицияларды тарту және оларды ұстап тұру стратегиялары туралы егжей-тегжейлі таныстырылымдарды инвестиция тарту агенттіктерін жылжыту жөніндегі компанияның директоры Дэвид О’Донован және «Invest in Pomerania» агенттігінің директоры Войцех Тиборовский жасады.
Дөңгелек үстел желілік байланыс, нәтижелі тәжірибе алмасу, перспективалы жобаларды талқылау үшін маңызды алаңға айналды. Іс-шара соңында қатысушылар ашық пікірталас барысында сұрақтар қоя алды.
Қазақстанның еуропалық бизнес қауымдастығы (EUROBAK) – 1999 жылы Қазақстандағы ЕО делегациясының бастамасымен құрылған коммерциялық емес ұйым. ҚР Үкіметімен инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан ынтымақтастық шеңберінде EUROBAK экономиканың әртүрлі салаларындағы заңнамалық стандарттарды нығайту және мемлекеттік органдармен іскерлік өзара іс-қимыл бойынша ұсыныстарды әзірлеуге белсенді қатысады. Осылайша, соңғы дөңгелек үстел Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі инвестициялық саясатының жаңа тұжырымдамасына сәйкес ұсыныстар әзірлеуге бағытталған.