Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Астана қаласына жұмыс сапарымен келген БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – Қарусыздану мәселелері жөніндегі жоғарғы өкілі Изуми Накамицумен келіссөздер өткізді.
Кездесу барысында Қазақстан мен БҰҰ арасындағы халықаралық қауіпсіздік, ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы жоғары деңгейдегі өзара әрекеттестік расталды. Сұхбаттастар ү.ж. 2 тамызда Женевада Қазақстан төрағалығымен өткен Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) Дайындық комитетінің нәтижелері бойынша пікір алмасты.
Тараптар еліміздің 2025 жылғы наурызда Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт (ЯҚТСШ) шеңберіндегі төрағалығына дайындық мәселелерін талқылады. Қазақстан тарапының бастамасымен ядролық сынақтардан зардап шеккендерге көмек көрсету және қоршаған ортаны қалпына келтіру үшін Халықаралық траст қорын құру мәселесіне бөлек тоқталды.
БҰҰ өкілі Семей ядролық сынақ полигоны жабылған күніне орай 29 тамызда аталып өтілетін Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орай бүкіл әлемде өтіп жатқан шараларға жоғары баға берді.
ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Халықаралық биоқауіпсіздік агенттігін (ХБҚА) құру туралы бастамасын жүзеге асыру және оны көпжақты алаңдарда одан әрі ілгерілету кездесудің күн тәртібіндегі маңызды мәселесі болды.
Кездесу қорытындысы бойынша жаһандық қарусыздану және таратпау және халықаралық қауіпсіздікті нығайту мәселелері бойынша тығыз ынтымақтастықты жалғастыру уағдаластығы расталды.
БҰҰ Бас хатшысының орынбасары И. Накамицу Қазақстан және БҰҰ-ның Қарусыздану істері жөніндегі басқармасымен бірлесіп ұйымдастырған Ядролық қарудан азат аймақтар арасындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі конференцияға қатысу үшін Астанаға сапармен келді.
2024 жылғы 27-28 тамызда Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орай ресми іс-шаралар аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі БҰҰ-ның Қарусыздану істері жөніндегі басқармасымен бірлесіп екінші тақырыптық ядролық қарусыз азат аймақтар арасындағы ынтымақтастықты нығайту туралы конференция өткізуде. Мұндай алғашқы іс-шара 2019 жылы Астанада өтті.
Ү.ж. 29 тамызда ЯҚСТШ Үйлестіру комитетінің Қазақстанның Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарты (ЯҚТСШ) шеңберіндегі төрағалығының дайындық аясында кезекті отырысы өтеді.
Жоғарыда аталған іс-шараларға дипломаттар, халықаралық және өңірлік ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдерін қосқанда 60-тан астам қатысушы қатысуда.