Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде түркі мемлекеттерінің VI жазғы мектебі өз жұмысын бастап кетті. Бір апта бойы жалғасатын жазғы мектепке Албания, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Солтүстік Македония және Түркиядан барлығы 50 студент және 37 оқытушы қатысуда. Түркістан қаласында өтіп жатқан бұл іс-шараны ХҚТУ, Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TİKA), Түркия ғылым академиясы (TÜBA), Түрік тілі қауымдастығы (Türk Dil Kurumu) және Түркі академиясы (Türk Akademisi) ұйымдастырып отыр. Түркі мемлекеттерінің VI жазғы мектебі екі бағдарлама бойынша өтуде: «Түркология жазғы мектебі» және «Жаңа энергия технологиялары жазғы мектебі». «Түркология жазғы мектебінің» мақсаты – түркі мемлекеттерінен келген ғалымдар мен зерттеушілердің басын қосып, олардың түркі әлемінің тарихы, археологиясы, тілі, әдебиеті, мәдениеті және т.б. бағыттар бойынша теориялық және практикалық білімдерін тереңдету. Сондай-ақ, ғылыми мақала жариялау, презентациялар жасау және зерттеулерге қаражат тарту және өзге де дағдыларын дамытуға үлес қосу. Қатысушылар жұмыс топтарына бөлініп, жазғы мектеп бағдарламасына сай баяндамаларды тыңдайды және өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік алады. Түркі әлемі туралы түсінік; түркі мемлекеттерінің тарихы; түркі әлемі археологиясы; түркі әлемінің өнер тарихы; түркі тілдерінің және қазіргі түркі тілдерінің жалпы ерекшеліктері секілді 5 негізгі тақырыпты қамтитын «Түркология жазғы мектебі» қатысушылардың академиялық және мәдени білімін кеңейтуді, түркі мәдениетінің бай мұрасы туралы ақпаратпен және осы білімді болашақ ұрпаққа жеткізу үшін қажетті құралдармен қамтамасыз етуді көздейді. Ал «Жаңа энергия технологиялары жазғы мектебінің» мақсаты – қатысушыларға энергетикалық технологиялар саласындағы соңғы жетістіктер, қиындықтар мен мүмкіндіктер туралы жан-жақты мәлімет беру. Сондай-ақ, энергия өндірудің маңызды принциптері мен қалыптасқан әдістерін, болашақ энергия қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін инновациялық және тұрақты шешімдерге қызығушылықты ояту. «Жаңа энергия технологиялары жазғы мектебі» барысында 7 негізгі тақырып бойынша кең көлемді ақпарат қамтылады. Олар: энергия тарихы; энергия физикасы; жаңартылатын энергия көздері; сутегі энергиясы және онымен байланысты технологиялар; энергияны сақтау жүйелері мен қолданбалары; энергияны үнемдеу және тиімділік; энергетика және инновация. Қатысушылар энергетика саласындағы инновациялық жобалар мен зерттеулерді жүзеге асыру, жаңа технологияларды әзірлеу және энергетика және инновация мәселелері бойынша білімдерін арттырып, тұрақты энергия шешімдері бойынша ұсыныс-пікірлерін талқылайды. Түркі мемлекеттерінің VI жазғы мектебінің ресми ашылу салтанатында осы шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған мекемелердің басшылары мен өзге де түркі елдерінен келген ғалымдар және зиялы қауым өкілдері сөз алып, түркі әлемінің рухани және мәдени астанасы Түркістанда басталған іс-шараның қатысушыларына сәттілік тіледі. Атап айтқанда, ХҚТУ Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек, ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова, Түркия ғылым академиясының басшысы Музаффер Шекер, Халықаралық түркі академиясының басшысы Шахин Мустафаев және Түрік тілі қауымдастығы басшысы Харун Шахин жазғы мектептің мақсаты мен міндеттеріне, қажеттілігі мен маңыздылығына тоқталып, жазғы мектептің нәтижелі болатындығына сенім білдіретіндіктерін жеткізді. Айта кетейік, бұл Түркістан қаласындағы ХҚТУ-да осы жазда өтіп жатқан екінші жазғы мектеп. Бұған дейін, Солтүстік Кипр мен Түркия Республикасынан келген 20-ға жуық студент пен оларға жауапты қызметкердің қатысуымен «Ясауи Түркология жаз оқуы – 2024» жазғы мектебі өткен болатын. Ол кезде де қатысушылар 10 күн бойы қазақ халқының салт-дәстүрі, мәдениеті мен дүниетанымы, сондай-ақ ұлттық тағамдарымен танысып, оңтүстік өңірдегі аты аңызға айналған киелі мекендерді зиярат етіп, университеттің профессор-оқытушыларының маңызды баяндамаларын тыңдап қайтқан еді. Ержан Арғынбаев, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың аға оқытушысы, PhD.