Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуіне қатысу үшін Қазақстанға келген Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен кездесу өткізді.
Президент саммит жұмысына қатысқаны үшін Сердар Бердімұхамедовке алғыс айтып, оның бұл сапары екі ел арасындағы көпжақты серіктестікті одан әрі ілгерілету тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.
«Қазақ-түрікмен қарым-қатынасы табысты дамып келеді. Сондай-ақ стратегиялық әріптестік сипатына толық сай. Көпқырлы мемлекетаралық байланыстарымызға қолдау көрсеткеніңіз және оны үнемі нығайтуға атсалысқаныңыз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Бұған дейін айтқанымдай, экономикалық ынтымақтастығымыздың деңгейі жоғары. Үкіметтер өзара сауда көлемін 1 миллиард долларға жеткізу үшін жұмыс істеп жатыр. Бұған елдеріміздің барлық мүмкіндігі бар. Энергетика, өнеркәсіп, көлік, логистика және басқа да салалардағы бірқатар жобалар жүзеге асыру сатысында тұр. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды арттыруға да қолайлы жағдай жасалған», деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Сердар Бердімұхамедов қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сонымен қатар екі ел арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.
«Түрікменстан Қазақстанмен ынтымақтастыққа баса мән береді. Елдеріміз арасында белсенді саяси диалог орнаған. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстар жандануда. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіз биыл күзде Түрікменстанға ресми сапармен келесіз деп күтемін. Сондай-ақ Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдық мерейтойына арналған халықаралық форумға қатысуға шақырамын», деді Түркіменстан Президенті.
Кездесу барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономика, энергетика, мұнай-газ және көлік-логистика салаларындағы қазақ-түрікмен ынтымақтастығының даму перспективасын талқылады. Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық қатынастарды кеңейту мәселесін қарастырды.