Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Астанада Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі – Еурокомиссия Вице-президенті Жозеп Борреллмен келіссөздер өткізіп, екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері және оның болашақта даму бағыттары талқыланды.
М. Нұртілеу мәртебелі қонақтың сапарының қазіргі геосаяси және геоэкономикалық ахуал тұрғысынан ерекше маңызын атап өтті.
Дипломаттар Қазақстан мен Брюссель арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде кең ауқымды қатынастарды талқылады.
Тараптар көлік және логистика, цифрландыру, азаматтық авиация, ауыл шаруашылығы, аса маңызды шикізат материалдарын өндіру және пайдалану, энергетика салаларындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша практикалық қадамдарды талқылауға ерекше назар аударды.
М. Нұртілеу сұхбаттасын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан кешенді саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың барысымен таныстырды.
Өз кезегінде, Ж. Боррелл еуропалық дипломатияның Астанамен ынтымақтастықты одан әрі кеңейту және нығайтуға бағытталған нақты шаралар мен жобаларды жүзеге асыру арқылы берік шешімін атап өтті.
«Мен үшін жалпы Орталық Азиямен, және атап айтқанда, Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға үлкен қызығушылық пен бейілділікті растау мақсатында Астанаға келуім маңызды болды. Президент Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан біз қолдап жатқан кең ауқымды саяси және экономикалық реформалар жолына түсті», – деді ЕО Жоғарғы өкілі.
Сұхбаттастар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, соның ішінде аймақтық қауіпсіздік, Орталық Азиядағы ынтымақтастық және Ауғанстан мен Таяу Шығыстағы жағдай бойынша пікір алмасты.
Дипломаттар ЕО және ОА көшбасшыларының тұрақты кездесулері екіжақты және аймақаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға қуатты серпін бергенін атап өтті. Тараптар жақын арада өтетін ОА-ЕО саммитіне дайындық жұмыстарын жүргізуде, ол ОА мен ЕО арасындағы аймақаралық ынтымақтастықты тереңдету процесін жалғастыруға арналған.
Ж. Борреллдің Қазақстанға сапары ынтымақтастықтың басым бағыттарын анықтауға, тараптар арасындағы қатынастарды одан әрі тереңдету бойынша нақты қадамдарды талқылауға мүмкіндік берді.
Еуропалық Одақ Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктесі. ЕО Қазақстанның сыртқы саудасы мен шетелдік инвестицияларының 30%-дан астамын құрайды.
2023 жылғы тауар айналымы 41,4 млрд АҚШ долларды құрады, оның ішінде экспорт – 31 млрд. доллар, ал импорт – 10,4 млрд доллар.
2024 жылдың қаңтар-мамыр айларындағы тауар айналымы 20,2 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,1%-ға жоғары болды (17,7 млрд доллар). Экспорт 18%-ға өсіп, 15,7 млрд доллар құрады. Импорт 4,5%-ға өсіп, 4,6 млрд долларға жетті.
Қазақстан экономикасына жасалған еуропалық инвестициялардың көлемі 2005 жылдан бастап 180 млрд доллар құрады.