Астанада Қазақстан және Корея Республикасының мемлекеттік органдары, ірі компанияларының қатысуымен бизнес-форум өтті.
Іс-шара Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёлдің Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары аясында ұйымдастырылды.
Форумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес өкілдеріне ризалығын білдіріп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Бүгінде Кореядан экономикамызға тікелей тартылатын инвестиция көлемі он миллиард долларға жуықтаса, өзара сауда айналымы алты миллиард долларға жеткен. Қазірдің өзінде Қазақстан нарығында Оңтүстік Кореяның 700-ден астам компаниясы жұмыс істейді. Олардың қатарында Hyundai, KIA, Samsung, LG, Doosan секілді жаһандық корпорациялар бар. Бұл ретте еліміз Оңтүстік Корея Республикасының Орталық Азия аймағындағы негізгі сауда-экономикалық серіктесі ретінде позициясын нығайтуға ниетті.
Бизнес-форум келіссөз алаңына айналып, түрлі сала өкілдерін бір арнаға тоғыстырды. Нәтижесінде бизнес пен мемлекеттік құрылым арасында екіжақты экономикалық байланысты күшейтуге бағытталған бірқатар коммерциялық құжатқа қол қойылды.
Жиында «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ мен Кореяның KSURE сауда сақтандыру корпорациясы арасында ынтымақтастықты көздейтін Меморандум бекітілді. Кейін Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі алаңында KSURE басшылығыме нарнайы кездесу өтті, оған «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі де қатысты.
Корейлік сақтандыру корпорациясының басшысы Янг Джин Чжан ынтымақтастық келісімі шеңберінде бірқатар ұсынысын айтты. Мәселен, жылына кемінде бір рет агенттік сарапшыларының кездесуін өткізу туралы бастама көтерді. Бірінші кезеңде бұл кездесулер қолданыстағы қолдау құралдары аясында сақтандыру ережелерін алмасуды көздесе, одан әрі экспорттық қауіп-қатерді сейілту мақсатындағы жобалар кезек күтеді.
Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі Басқарма төрағасы Аслан Калигазин меморандум екі тарап арасындағы ынтымақтастық синергиясын күшейту үшін негіз болады деп сенім білдірді.
«Бүгінгі кездесудің мақсаты – қос агенттікті табысқа жетелейтін ынтымақтастықтың берік негізін қалау. Біз Қазақстанда экспортқа бағдарланған жобаларды дамытудың катализаторы болуды көздейміз. Корейлік әріптестерімізбен өзара сауданы дамыту және экспорттық сақтандыру саласында озық тәжірибені алмасу үшін өз мандаттарымыз шеңберінде күш-жігерімізді біріктіреміз», деп атап өтті А. Калигазин.
Оңтүстік Корея басшылығы Қазақстанға іс-сапары аясында Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бастамасын ұсынды. Бастамаға «K-Silk Road» деген атау берілді. Оның аясында стратегиялық маңызды ресурстарды өндіру және қайта өңдеу, атом электр станциясын салу, сондай-ақ жел және күн энергетикасын дамыту мәселелері қамтылады. Екі елдің экспорттық-кредиттік агенттіктері арасындағы келісім «K-Silk Road» мақсатына сәйкес келеді. «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ Халықаралық ынтымақтастық департаменті директоры Армана Бекбасова әлемдік жетекші экспорттық-кредиттік агенттіктер қазір қолдау құралдарын күшейтіп жатқанын айтты. Бұл импорттың басым бағыттары бойынша баламалы жеткізу тізбегін құруға мүмкіндік берсе, өнеркәсіп кәсіпорындары қажетті ресурстармен қамтамасыз етіледі.
Аккумулятор үлгісіндегі никель және басқа да металл өңдеу өнімдерін бірлесіп әзірлеу, өндіру және экспорттау Қазақстанға табысты әсер етеді. Атап айтқанда, тұрақты даму қағидаттарын сақтай отырып, Оңтүстік Корея инвестицияларын, технологиялары мен жабдықтарын тарта отырып, осы кен орындарын игеру елімізге дайын өнімнің әлемдік нарығында көшбасшы болуға мүмкіндік береді.