Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев ЕО Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметі басқарушы директорының Ресей, Шығыс әріптестігі, Орталық Азия және ЕҚЫҰ жөніндегі орынбасары Люк Девинмен, сондай-ақ ЕО Көші-қон және ішкі істер департаменті Бас директорының орынбасары Йоханнес Лухнермен келіссөздер жүргізді.
Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Еуропалық одақтың саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастығын, заң үстемдігі мен адам құқықтары, көлік, энергетика, климаттың өзгеруіне қарсы күрес, қоршаған ортаны қорғау, білім және ғылым салаларындағы өзара іс-қимылды, сондай-ақ ҚР мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді іске асыруды талқылады.
Қазақстан азаматтары үшін ЕО визалық режимін жеңілдету мәселесіне ерекше назар аударылды. ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары еліміз Еуропа елдері үшін визасыз режимді енгізу бойынша біржақты қадамдар жасағанын айтып, қазақстандық қоғам шенген визаларын алуды жеңілдететін жауап шараларын күтетінін атап өтті. Ол бұл мәселені тез арада шешуге үміт білдірді.
Сонымен қатар дипломаттар өңірлік қауіпсіздік және Ауғанстандағы қазіргі жағдай туралы пікір алмасты. Қазақ дипломаты ү.ж. 30 маусым — 1 шілде аралығында Дохада БҰҰ ұйымдастырған Ауғанстан бойынша Арнайы өкілдердің үшінші кездесуінің, сондай-ақ ЕО-ның Ауғанстан бойынша Арнайы өкілі Томас Никлассонмен келіссөздердің нәтижелерімен бөлісті.
Жалпы, тараптар Қазақстан мен Еуроодақтың барлық бағыттар бойынша өзара іс-қимыл деңгейіне қанағаттанушылықтарын білдіріп, ынтымақтастықтың алдағы жоспарларын айқындады.
Еуропалық одақ елдері бүгінде жиынтық тауар айналымы 29 млрд АҚШ долларын құрайтын Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі екенін атап өткен жөн. Ағымдағы жылдың алғашқы 4 айында ғана бұл көрсеткіш 12,6 млрд. АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28%-ға жоғары.
ЕО елдерінен Қазақстан экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 2021 жылы 10,1 млрд. АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылға қарағанда 24,3%-ға жоғары. Негізгі салымдар Нидерланды, Бельгия, Франция, Кипр, Люксембург және Германия сияқты Еуропа елдерінің компанияларынан түседі.
Білім және ғылым саласында тараптар Еуропалық одақтың «Erasmus+» және «Horizone Europe» академиялық және ғылыми алмасу бағдарламаларына қатысуға тарту арқылы қазақстандық жастардың әлеуетін нығайтуға одан әрі жәрдемдесу перспективаларын талқылады.