Сонымен, жаһан назарын Астана төріне бұрған Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті аяқталды. Бұған дейін сарапшылар маңызды басқосуда күтпеген ұсыныстар, жаңа келісімдер болуы мүмкін екенін болжаған. Расымен де келісімдердің тақырып аясы ұлғайып, қатысушылар жасанды интеллект қаупіне дейін ойысқанын көрдік.
Жалпы, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында 25 құжатқа қол қойылыпты. Оның ішінде Астана декларациясы, терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл бойынша 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын бекіту, есірткіге қарсы стратегия, энергетика саласындағы 2030 жылға дейінгі стратегия сынды маңызды құжаттар бар. Бұған қоса Ұйымның Шарттық базасы 60 жаңа құжатпен толықтырылды. Ұйым серіктестері саналатын халықаралық ұйымдардың қатары көбейді, инвестициялар жөніндегі арнайы жұмыс тобының қызметі қайта жанданды. Бастысы – ұйымға Беларусь елі қосылып, ауқымы одан әрі артты. Саммитке жаңа мүшені қоса алғанда, 10 мемлекет – Қазақстан, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Пәкістан, Өзбекстан, Беларусь қатысты. 10 мемлекет сыртында Түркия, Моңғолия, Қатар, БАӘ, Әзербайжан және Түрікменстан басшылары да мейман ретінде келді. БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриштың қатысуын да үлкен жетістікке балауға болады.
Саммитті шолып шығар болсақ, ұйым ең маңызды 3 бағытқа басымдық бергенін байқаймыз: қауіпсіздік, экономика және түрлі салалар бойынша жаһандық үдерістерге ілесу мәселесі.
ШЫҰ саммиті басталмай тұрғанда-ақ батыс сарапшылары Астанадағы басқосудан көп нәрсе күтетінін аңғартқандай еді. Себебі Қазақстан тарапы бейбітшілікке үндеу арқылы жаһанда ушыққан геосаяси мәселелерді шешуге шақыратыны айтылды. Дәл сол болжам тура келгендей, ауқымды жиында ең көп қозғалған мәселе – саясаттағы ушыққан проблемалардың алдын алып, бейбітшілікке құрылған қауіпсіздік жайы болды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұны бірінші кезекке шығарған еді.
– Қазіргі күрделі ахуал – негізінен халықаралық қатынастар жүйесіндегі дағдарыс салдары. Осы ретте халықаралық құқықтың кемшін тұстарын түзеп, геосаяси тұрғыдан жікке бөлінуге жол бермеу мақсатымен, түптеп келгенде, жаһандық ауқымдағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту үшін ұйым өзінің тұрақтандырушы және жасампаздық рөлін күшейтуге тиіс, – деп атап өтті.
Бұл тұста БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің «Алпауыт державалар бір-біріне қарсы болған кезде, Қазақстан сияқты елдер өте маңызды рөл атқарады» деген сөзін түртіп қойсақ болғандай.
Қазір әлемде қауіпсіздік мәселесіне ең көп бас қатыратын елдердің бірі – Түркия. Географиялық жеріне байланысты Таяу Шығыстағы қақтығыстарды, геосаяси қарсылықтарды көріп отырған Режеп Тайип Ердоған Түркия терроризмге қарсы күресте ШЫҰ-мен диалогты дамытуға мүдделі екенін баса айтты. Шынында Түркия Президентінің сөзі әсерлі, терроризм актілерінің салдарынан миллиондаған адам босқынға айналғанына жаны ашығандай шықты. Оның сөзінше, Түркияның өзінде қазір 4 млн босқын бар екен.
«Атажұртымыз – Орталық Азия елдерімен әр салада ортақ пайда негізіндегі ынтымақтастықты дамытуға дайынбыз әрі мүдделіміз. ШЫҰ Азия елдерімен диалог орнатуға өте ыңғайлы платформалардың бірі екенін атап өткім келеді», – деп тарқатты Ердоған.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ саммитінде ұйымның маңызды міндеттеріне келесі мәселелерді қосты. Біріншіден, әскери саладағы сенім туралы келісімдер әзірлеу және қабылдау. Еуразия құрлығындағы бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселесіне де айрықша мән беру қажет. Бұл ретте «Шанхай ондығына» кіретін елдерді «үш зұлым күшпен» күресуге шақырды. Яғни, трансұлттық ұйымдасқан қылмыс, заңсыз есірткі айналымы және киберқылмысқа қарсы күреске баса мән беру керек деп атап өтті.
Астана саммитінде қауіпсіздікке баса көңіл бөлінуі ШЫҰ елдерінің байланысы мен өзара сенімі арта түскенінің айғағы болуы мүмкін.
Қазір ШЫҰ географиялық тұрғыдан да, демографиялық тұрғыдан да жер жүзіндегі ең ірі өңірлік ұйым саналады. Еуразия аумағының 60 пайызын, әлем халқының 40 пайызын және әлемдік жалпы ішкі өнімнің 30 пайыздан астамын (24 трлн доллар) қамтиды. Мұндай ауқымды ұйым экономикалық байланыстарды назардан тыс қалдырмайтыны белгілі.
Дегенмен аздаған мәселелер де жоқ емес, Дүниежүзілік банктің болжамынша, биыл жаһандық экономиканың өсімі бәсеңдейді. Ұйымға мүше елдер дағдарысқа бірлесе қарсы тұрып, өзара сауда-экономикалық байланыстарды арттыру керегі даусыз. Бұл ретте ұйымның әлеуеті зор, қазір әлемдегі сауда көлемінің 15 пайызы осы құрылымға тиесілі.
Үшінші тармақ, жаһандағы технологиялық, мәдени-гуманитарлық белсенділіктен тыс қалмау. Саммит елдер арасындағы білім беру, мəдени жобалар тұрғысынан қарым-қатынасты нығайтуға себепші. Енді еліміздегі 60-тан астам жоғары оқу орны әртүрлі бағыт бойынша тәжірибе алмасуды қолға алмақ. Қазақстан төрағалығы кезінде мәдени-гуманитарлық байланыстарды күшейтуге ерекше назар аударылғаны бекер емес.
Айтулы басқосуда ерекше жайттарға бетбұрыс байқалды. Мәселен, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш «ШЫҰ+» кездесуінде жасанды зейінді зиянсыз дамыту бағытында бірнеше ұсыныс айтты.
– Екінші экзистенциалды қауіп – цифрлық технологиялар. Жасанды зейіннің баршаға тиімді тұрақты дамуды жеделдетудегі әлеуеті зор. Дегенмен ол күштер теңсіздігін ушықтырып, байлықтың шоғырлануын арттырып, адам құқығын бұзады және шиеленіс пен алауыздықты көбейтеді, – деді ол.
Сондықтан БҰҰ басшысы жасанды интеллектінің адамзат өміріндегі рөлін реттеу қуатты елдердің ғана шаруасы болмауы керегін жеткізді. Оның айтуынша, үкіметтерге шұғыл түрде технологиялық компаниялармен, академиялық ортамен және азаматтық қоғаммен жұмыс істеп, жасанды зейін тәуекелдерін басқару, оның зиянын бәсеңдету жүйесін шұғыл түрде біріздендіру қажет. Бұл тек бай елдердің ғана басым мақсаты болмауы керек. Аталған мәселе барша елдердің қатысуын талап етеді. БҰҰ осының бәрін жүзеге асыру үшін алаң ұсынуға дайын.