Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Астанада Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасының (БҰҰДБ) тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниамен кездесу өткізді.
БҰҰДБ қызметі БҰҰ-ға мүше елдердің экономикалық дамуына жәрдемдесуге бағытталған. ҚР Үкіметімен, қоғамдық ұйымдармен, бизнес-сектормен, БҰҰ агенттіктерімен және басқа серіктестермен серіктестікте Қазақстанда құны $200 млн асатын 200-ден астам жобаны жүзеге асырды.
Олардың ішінде шағын және орта бизнесті, жасыл энергетиканы, ауыл шаруашылығын, экотуризмді және басқа да бағыттарды дамытуға бағытталған жобалар бар.
Кездесу барысында Нұрлан Байбазаров еліміздің 2025 жылы Нью-Йоркте өтетін Жоғары деңгейдегі Саяси форумда орнықты даму мақсаттарын іске асыру жөніндегі үшінші Ерікті ұлттық шолуды ұсынуға дайындығы туралы да хабардар етті
«Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу Қазақстанның ұлттық басымдығы саналады. Біз мемлекетіміздің тұрақты дамуына бағытталған оңтайлы шешімдерді іздеу үшін әртүрлі алаңдарда мақсаттарды іске асыру мәселелерін талқылауға көп көңіл бөлеміз. Ерікті шолу еліміздің негізгі жетістіктерін, сын-қатерлері мен туындайтын проблемаларды объективті түрде айқындайды», — деп толықтырды Н. Байбазаров.
Сондай-ақ Қазақстан БҰҰДБ-мен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, атап айтқанда, БҰҰДБ-ның 202-ге арналған Елдік бағдарламасын табысты іске асыруға мүдделі екендігі атап өтілді.
Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) Орталық Азия және Моңғолия бойынша басқарушы директорының міндетін атқарушы Хусейн Өзханмен кездесті.
Тараптар елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін тартылатын инвестициялардың маңызды рөлін атап өтті. Бұған қоса, қолданыстағы жобалардың жай-күйі мен ЕҚДБ-ның жаңа жобаларды қаржыландыру жөніндегі жоспарларын талқылады.
Хусейн Өзхан өз сөзінде атап өткендей, ағымдағы жылы банк Қазақстан экономикасына құйылатын инвестиция көлемін кем дегенде екі есеге арттыруды жоспарлап отыр. ЕҚДБ Қазақстан электр желілерін басқару компаниясымен (KEGOC) елдің батысында электрмен жабдықтау жұмысының сенімділігін арттыруға мүмкіндік беретін ірі жобаны іске асыруда. Бұған дейін ірі аумақтық жобаға – Ақтөбе қаласында жаңа тазарту құрылыстарын салуға қол қойылды; «Аралтұз» АҚ жетекші ас тұзын өндірушісінің жаңа өндірістік қуаттарын салуға, сондай-ақ әйелдер мен жастар кәсіпкерлігін қолдауға қаражат бөлінді. 2024 жылдың маусым айында құрылысын ЕҚДБ қаржыландырған Алматы әуежайының жаңа жолаушылар терминалы ашылды. Сонымен қатар Банк «Air Astana» ұлттық әуе тасымалдаушысының IPO-на қатысты.
Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, Қазақстан ЕҚДБ-мен елдік әрі аймақтық деңгейде ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті, сондай-ақ банктің жеке секторға инвестиция салуға деген ұмтылысын қолдайды.
«Еліміз энергетика және көлік-логистика, жаңартылатын энергия көздері мен жеке бизнесті дамыту жобаларын жүзеге асыру үшін инвестиция тарту бойынша ЕҚДБ-мен өзара тиімді жұмыс істеуге дайын», — деді вице-премьер.
ЕҚДБ Қазақстанда қызметін бастағаннан бері 324 жоба аясында ел экономикасына €10,2 млрд инвестиция салды. Қазіргі уақытта банктің Қазақстандағы жобалық портфелінде құны €2,9 млрд асатын 121 жоба бар.