Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қазақстанға алғашқы жұмыс сапарымен келген жаңадан тағайындалған Беларусь Республикасының Сыртқы істер министрі Максим Рыженковпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы өзінің әріптесін тағайындалуымен, сондай-ақ ұлттық мерекесі – Беларусь Тәуелсіздігі күнімен және Беларусь Республикасының ШЫҰ мүшелігін алуымен құттықтады.
Тараптар Қазақстан мен Беларусь арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ аса жоғары және жоғары деңгейлердегі алдағы халықаралық іс-шаралар кестесін талқылады.
Сұхбат қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастықтың барлық спектрдегі бағыттарының даму динамикасына жоғары баға берілді және сыртқы саяси ведомстволар деңгейінде тығыз өзара іс-қимылды жалғастыру ниеті расталды.
1992 жылғы 16 қыркүйекте — Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасында дипломатиялық қатынастар орнатылды.
Қазақстанның Минскідегі елшілігі 1993 жылы 9 қаңтарда ашылды. Астанадағы Беларусь елшілігі 1997 жылғы 13 шілдеден бастап жұмыс істейді.
2012 жылғы қаңтардан бастап Ерғали Бөлегенов Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып табылады. 2013 жылғы қыркүйектен бастап Беларусь Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Анатолий Ничкасов болып табылады.
Беларусь пен Қазақстан халықаралық аренада, оның ішінде БҰҰ, ЕҚЫҰ, ҰҚШҰ шеңберінде белсенді өзара іс-қимыл жасайды.
2023 жылғы 25 тамыздан бастап Ерлан Сапарұлы Байжанов — Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі,
2020 жылғы шілдеден бастап Павел Владимирович Утюпин — Беларусь Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып табылады.
Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасының Үкімет басшылары деңгейінде 2012 жылғы қарашада және 2013 жылғы қыркүйекте Қазақстан және Беларусь Премьер-Министрінің сапарлары, 2013 жылғы сәуірде Қазақстан Премьер – Министрінің Беларуське жауап сапары өтті. 2017 жылғы тамызда Беларусь Премьер-Министрі Қазақстанда жұмыс сапарымен болды. Премьер-министрлер деңгейіндегі кездесулер интеграциялық іс-шаралар шеңберінде және екіжақты форматта 2014 жылғы қарашада, 2015 жылғы мамырда, 2017 жылғы мамырда, 2020 жылғы қаңтарда, шілдеде, 2021 жылғы ақпанда, маусымда және 2022 жылғы қазанда өткізілді.
Беларусь Ұлттық Жиналысы Республика кеңесінің төрағасы бастаған парламенттік делегацияның Қазақстанға ресми және жұмыс сапарлары 2013 жылғы сәуірде, Өкілдер палатасы төрағасының сапарлары – 2015 жылғы маусымда, 2019 жылғы қыркүйекте өтті.
Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы және Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы деңгейіндегі парламенттік делегациялардың Беларуське ресми сапарлары тиісінше 2017 жылғы наурызда және 2018 жылғы 30 қазанда өтті.
Қазақстан Республикасының парламенттік делегациясы парламентаралық ынтымақтастық тобы аясында 2022 жылғы маусым және желтоқсан айларында Беларусь Республикасына сапармен барды.
2020 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Беларусь Республикасы Сыртқы істер министрлігінің сыртқы саяси талдау департаменттерінің басшылары арасында СІМ аралық консультациялар өтті.
2023 жылғы ақпанда Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Елшісі А.Бейсенбаев Беларусь Республикасының Сыртқы істер министрі С.Алейникпен кездесті.
Әскери-техникалық ынтымақтастық 1998 жылғы «Әскери ынтымақтастық туралы», «Әскери-техникалық ынтымақтастық туралы» үкіметаралық келісімдерге сәйкес дамып, нығайып келеді. Әскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі кіші комиссия жұмыс жасайды. 2018 жылғы 12 қазанда Минскте кіші комиссияның 9-шы отырысы өтті және бұл басқосуда ынтымақтастықты одан әрі дамыту және бірлескен жобаларды іске асыру бойынша шешім қабылданды.
2009 жылдан бастап Қазақстанның 350-ден астам әскери қызметшісі Беларусь Республикасының Әскери академиясында және Беларусьтің жоғары оқу орындарының төрт әскери факультетінде (БМУ, БМИРУ, БММУ, БҰТУ) білім алды.