Сібір жарасы – адамдар мен жануарлар арасында тіркелетін аса қауіпті жұқпалы ауру. Ауру жеке органды ғана емес, тұтас ағзаны да зақымдайды, көп жағдайда терінің, кейде өкпенің, ішектің қабынуын және зақымдануын тудырады. Инфекция көзі науқас жануарлар болып табылады: ірі қара мал, жылқылар, есектер, қойлар, ешкілер, бұғылар, түйелер. Ауырған жануардың зәрі мен нәжісінде ауру қоздырғышы анықталады.
Сібір жарасының қоздырғышы – Bacillus anthracis сібір жарасын тудырушы бацилла. Сыртқы ортаға өте төзімді, спора түрінде топырақта 100 жылға дейін белсенділігін жоғалтпайды. Адам ауруды жануарлардан мал сойғанда, малға күтім көрсеткенде, асқа ауру малдың етін, сүтін қабылдағанда, споралары бар терісін қолданғанда жұқтырады. Аурудың формасына байланысты адамда дене қызуының көтерілуі, тері жарасы, ісіну; ауыр формаларында қанды іш өту және құсу, ішінің ауыруы, өкпе аурулары, жүрек әлсіздігі пайда болады. Емдеусіз ауру өліммен аяқталады.
Сібір жарасының белгілері: Қоздырғыш ағзаға тері арқылы (95 пайыз) еніп, бұл жағдай сібір жарасының туындауына әкеп соғады. Спорамен демалса, онда өкпе қабыну түріндегі ауруға шалдығып, оны жұтар болса, ішектің зақымдалу белгілері пайда болады. Инкубация кезеңінің ұзақтығы терілік формада бірнеше сағаттан 14 күнге дейін, сепсистік формада 6-8 күн. Аурудың екі клиникалық түрі болады: біріншісі — жергілікті тері (карбункулезді, эдематозды, буллезді, эризипеллоидты), екіншісі — сепсистік (өкпелік, ішектік) түрлері. Ең жиі кездесетін түрі карбункулезді түрі. Дененің ашық жерлері зақымдалады. Тек саусақ ұштары, тырнақ орны және мұрын терісі зақымдалмайды.
Алдын алу шаралары: Сібір жарасынан өлген малдарды көмген орындарды анықтау, есепке алу және залалсыздандыру шаралары, сібір жарасына қарсы жануарларға екпе жүргізу. Сібір жарасын жұқтырған немесе күдіктелген жануарларды дереу оқшалау, жануарлардың әкелінуі мен әкетілуін, ет, сүт және тері шикізаттарының шығарылуын болдырмау. Барлық күдікті жағдайлар жайлы дереу ветеринарлық мекемелерге ақпарат беру. Малды сояр, әсіресе мәжбүрлі сояр алдында ветеринарды міндетті түрде шақыру. Ауру малдың еті мен басқа өнімдерін зертханалық зерттеусіз тамаққа және т.б. мақсаттарда пайдалануға жол бермеу қажет.
НАЗАР АУДАРЫҢЫЗДАР!!!
Өзіңіздің денсаулығыңызды қауіп-қатерден сақтау үшін тағамға қолданылатын мал өнімдерін, оларды өңдеуден өткізу тек қана ветеринар сараптамасынан кейін ғана қолданғаныңыз жөн! Сараптамадан өткен етті сатып алсаңыз да, өзіңізге ереже етіңіз: етті үйде қолғаппен бөлу керек, тақтай, пышақ тек қана шикі етке ғана арналған болуы керек. Оларды ыстық сумен немесе қайнаған сумен шайыңыз. Аурудың алғашқы белгілері пайда болғанда міндетті түрде тез арада медициналық көмекке жүгініңіз, себебі ем неғұрлым ерте басталса, нәтижесі де қолайлы болады. Сырқатты жұқтырмау үшін ет алуда абай болу керек. Еттің ветеринарлық зертханадан өткендігі туралы анықтаманың болуы маңызды!
Нышанов Нұрбек Садықбекұлы
ҚР ДСМ СЭБК Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы