І
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрғалығымен өткен жиынға Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов қатысып, күн тәртібіндегі мәселе бойынша бүгінгі таңдағы ақуалды баяндады.
— Өздеріңізге белгілі, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы эндемиялық инфекция, табиғатта негізгі резервуары мен таратушысы иксодты кенелер болып табылса, асыраушысы ауылшаруашылық малдары. Көктем, жаз айларында күннің ысуына байланысты кене секілді зиянды жәндіктердің белсенділігі артады. Кенелер Конго-қырым геморрагиялық қызбасы, кене энцефалиті сынды аса қауіпті жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын тасымалдап, оны адамға таратушы болып табылады. Сол себепті індетке қарсы күрес нәтижесі кенелерді жою, санын азайту жұмыстарына тікелей тәуелді, — деді облыстың бас санитар-дәрігері Нұрбек Садықбекұлы.
Департамент басшысы жиын барысында бірқатар өзекті мәселелерді көтеріп, шешім жолдарын ұсынды. Атап айтқанда медицина қызметкерлерімен аула аралау жұмыстарының сапасын және аса қауіпті жұқпалы аурулардың, оның ішінде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы диагностикалау, қырағылығын арттыру бойынша семинар жаттығу сабақтары, аттестаттау жұмыстарын сапалы жүргізуді атап өтті.
Сондай-ақ, мал тоғыту қауыздары мен ірі қара малдарды бүркуге арналған арнайы орындардың жаңадан салынуына жергілікті атқарушы органдар тарапынан тиісті қаржы қаралуы және ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар пәрменділігін комиссиялық қатаң бақылау туралы ұсыныстар енгізді.
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті
ҚР ДСМ СЭБК Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Нышанов Нұрбек Садықбекұлы




