Шымкент қаласындағы құрылыс материалдары қала сыртында 5 орында сатылатын болады. Қазір қала аумағында заңсыз орналасқан құм, шағал тас, ағаш секілді құрылыс материалдары саудаланатын базарлар қала сыртына көшірілуде. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, кәсіпкерлерге ұсынылған Бадам бағыты бойындағы 77 га жер телімінде құрылыс жұмыстары жүргізілді. Бүгін Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының ұйымдастыруымен Б.Әзімбердиев, аталған аумақта қала әкімінің кеңесшісі Б.Парманов, Абай ауданының әкімі Ш.Сұлтанхан бастаған Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының және Көліктік бақылау инспекциясының мамандары түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл шаралар қаланың шырайын бұзған келеңсіздіктерді жойып, қала ішінде көліктер мен жолаушыларға қолайлы жағдай туғызады. Халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында қаланың бес нүктесінде құрылыс материалдары сатылатын арнайы орындар ұйымдастырылуда. Олар, Алтынтөбе, Бозарық, Құрсай, Бадам және Қызылсай шағын аудандарында орналасқан.
Мамандар Алматы тас жолы бойында заңсыз орналасқан құм, шағал-тас, темір сататын және қара темір қабылдау нысандарына күнделікті рейд жұмысын жүргізетінін айтады. Сондай-ақ, саудагерлердің тауарын көшіру үшін қаражат жиналмапты. Бұл жұмысқа инвесторлар қолдау көрсеткен. Ал құрылыс материалдарын саудалайтын базарды көшіру мәселесіне байланысты үшінші мегаполис тұрғындарының пікірі екіге бөлінді.
Бір топ бастаманы қолдаса, енді бірі сауда орнының қала сыртына көшуі халыққа тиімсіз екенін жеткізді. Айта кетсек, Шымкентте заңсыз нысандарды көшіру мәселесі назардын тыс қалмайды. Бұл шара қаланың шырайын бұзған келеңсіздіктерді жойып, қала ішінде көліктер мен жолаушыларға қолайлы жағдай туғызады дейді мамандар. Ал арнайы бекітілген жұмысшы тобы болса түсіндірме жұмысын жалғастырады.