Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті рет қаланы аралап, халық игілігіне берілетін бірқатар демалыс нысандарының дайындығын тексерді. Олардың қатарында жоғарғы базардағы «Көл» және Ордабасы алаңындағы субұрқақтар бар. Екі нысанды қайта құру жұмыстары аяқталып, сенбі күні ашылуы болып, қала тұрғындары мен қонақтары шоғырланатын жаңа орынға айналмақ. Сонымен қатар, Шәмші Қалдаяқов атындағы саябақтың санитарлық жағдайын тексерді. Тексеру барысында жауаптыларға бірқатар нақты тапсырмалар беріп, саябақтардың абаттандыру және жарықтандыру мәселелерін ерекше бақылауға алуды ескертті. Ұзындығы алты шақырым жаңа серуендеу аймағын абаттандыру жұмыстарымен де танысты Аумақ жергілікті тұрғындар мен қала қонақтары үшін көрнекті орынға айналады. Сондай-ақ, жақын арада жүгіру және велосипед жолдары бар серуендеу аймағын да ашу көзделіп отыр. Қала әкімі одан әрі Тәуке хан даңғылының, Аймауытов, Әлімбетов, Шаймерденов, Төреқұлов, Байтұрсынов және Желтоқсан көшелерінің суару жүйелерінің, арық- атыздардың жағдайын, санитарлық ақуалын бақылады. Жаяу аралау кезінде аудан әкімдері мен салалық басқармалардың басшыларына барлық ескертпелерді қысқа мерзімде жоюды тапсырды.
Осыған дейін Ғабит Сыздықбеков Тұран-2 шағын ауданында жаңа стадионның құрылыс алаңына капсула салу рәсіміне қатысты. Тарихи оқиғаға футбол ардагерлері мен қоғам белсенділері, «Ордабасы» клубының қызметкерлері, бапкерлері мен ойыншылары, БАҚ өкілдері мен жергілікті футбол жанкүйерлері де куә болды. Айта кетейік, 35 мың орындық аренаның сыйымдылығы 21 гектарды алып жатыр. Стадион құрылысын 2026 жылы аяқтау жоспарлануда. Жаңа спорт нысаны халықаралық матчтарды өткізуге арналған УЕФА талаптарына сәйкес бой көтереді. Архитектуралық дизайнмен салынатын сәулетті стадион мегаполистің көркін арттырады. Шымкентте 1969 жылы салынған бір ғана стадион 18 мың адамға лайықталған. Заманауи арена халықаралық деңгейдегі спорттық іс-шараларды өткізуге, қаланың спорттық имиджін жақсартуға, жергілкті халықтың спортқа деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар туризмді дамытуға да ерекше серпін береді.