13kz.kz
КАЗ
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Cаясат
  • Мәдениет
  • Экономика
  • Білім
  • Туризм
  • Спорт
  • Әлемде
  • 13KZTV
No Result
View All Result
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Cаясат
  • Мәдениет
  • Экономика
  • Білім
  • Туризм
  • Спорт
  • Әлемде
  • 13KZTV
No Result
View All Result
13kz.kz
No Result
View All Result
Home Жаңалықтар

Астана – Сеул бағытында тікелей рейс ашылады

13 июня, 2024
in Жаңалықтар
0
Астана – Сеул бағытында тікелей рейс ашылады
Share on FacebookShare on Twitter

Сонымен қатар келіссөздер барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі кеңейтуге айрықша назар аударылды.

– Қазақстанда тұрып жатқан корей диаспорасының өз тілін сақтап, дамытуына қолдау көрсетіледі. Осы мақсатпен екі ел аумағында тұрақты түрде мәдени шаралар өткізуге уағдаластық. Қазіргі таңда Қазақстан азаматтары Кореяға 30 күнге дейін визасыз бара алады. Таяу арада Астана – Сеул бағытында тікелей рейс ашылады. Әуе рейстерінің ұлғаюы екі ел арасындағы байланысты нығайта түсетіні сөзсіз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған маңызды әрі мазмұнды келіссөздер жүргізілгенін жеткізді.

– Астана мен Сеулдің өзекті мәселе­лерге қатысты ұстанымдары ұқсас. Көпжақты ықпалдастықты нығайтуға екі ел де мүдделі. Біз Орталық Азия бестігі мен Корея диалогін одан әрі дамытуға келістік. Қазақстан Корея Республикасының K-Silk Road тұжырымдамасын қолдайды. Бұл мәселе бойынша бүгінгі келіссөздер барысында кең ауқымды әңгіме болды. Мен корей тарапының осы форматтағы алғашқы саммитті келесі жылы Сеулде өткізу туралы ұсынысын қолдаймын. Бұл бастама екіжақты және көпжақты ынтымақтастыққа тың серпін берері анық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Бұған қоса, Мемлекет басшысы Корея Республикасының Президентімен халықаралық және өңірлік мәселелер жөнінде пікір алмасқанын, сондай-ақ жаһандық үдерістерге қатысты ой бөліскенін айтты.

– Біз әлемдегі түрлі қақтығыстарға байланысты алаңдаушылық білдірдік. Кез келген жанжалды диалог арқылы, дипломатиялық жолмен шешу қажет екенін атап өттік. Оның мызғымас негізі – Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы және халықаралық құқық нормалары болуға тиіс. Осы ретте жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз ету тәсілдерін жетілдіру туралы ой бөлістік, – деді Қазақстан Президенті.

Өз кезегінде Юн Сок Ёль Қазақстан мен Корея арасындағы экономикалық және стратегиялық ынтымақтастыққа назар аударды.

– Қазақстан Президентімен келіссөз­дер барысында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған уақыттан бері қар­қынды дамып келе жатқан екі ел ара­сын­дағы ықпалдастық мәселелерін кеңі­нен талқыладық. Сонымен қатар Қазақ­стан мен Кореяның стратегиялық сері­ктестігінің тиімділігін арттыра түсуге уағда­ластық. Бүгінгі сапар аясында электр энергетикасы, маңызды минералдарды жеткізу салалары бойынша бірқатар келі­сімге қол жеткіздік, – деді Корея Респуб­ликасының Президенті.

 

KIA зауыты іске қосылады

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юн Сок Ёль Қазақстан-Корея бизнес форумына қатыс­ты. Мемлекет басшысы өз сөзінде жиын­ға қатысқан бизнес өкілдері­не ілти­пат білдіре отырып, екі ел арасын­дағы сауда-экономикалық ынтымақтас­тық­тың келешегі зор басым бағыттарына тоқталды.

– Корея Республикасы – Қазақстан­ның бес ірі инвестициялық және сауда серіктесінің бірі. Кореядан эконо­мика­мызға тікелей тартылатын инвести­ция көлемі он миллиард долларға жуық­тады. Ал өзара сауда айналымы алты мил­лиард долларды құрады. Бүгін­де Қазақ­стан нарығында Оңтүстік Корея­ның 700-ден астам компаниясы жұмыс істей­ді. Олардың қатарында Hyundai, KIA, Samsung, LG, Doosan секілді жаһандық корпорациялар мен басқа да кәсіпорындар бар. Қазақстан Корея Республикасының Орталық Азия аймағындағы негізгі сауда-эко­номика­лық серіктесі ретінде өз позиция­сын нығай­ту­ға ниетті. Бұл туралы бүгінгі келіссөздер барысында сөз болды. Нақты жоспар­лар әзірленді. Келісімдерге қол қойыл­ды. Құжаттар елдеріміз арасындағы көпжақ­ты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз. Әсіресе әлем экономикасы түбегейлі өзгеріске ұшырап, Азия құрлығы орнықты даму және ғылы­­ми-технологиялық прогрестің көшбас­­шысына айналған қазіргі заманда мұ­ның өзектілігі айрықша байқалады. Сарап­шылардың болжамына сәйкес биыл әлем­дік ішкі жалпы өнімнің 60 пайыз өсімін Азия қамтамасыз етеді. Бұл ретте Оңтү­стік Корея «Азия ренессансында» ең маңызды рөл атқаратыны сөзсіз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жаңа экономикалық бағдардың дәйекті жүзе­ге асырылып жатқаны, инвесторлар­ға қолайлы жағдай жасау шараларына баса мән берілетіні туралы айтты. Оның пікірінше, жер қойнауын пайдалану және өнеркәсіп сияқты стратегиялық мәні зор салалар Қазақстан мен Корея экономикалары кооперациясының маңызды бағыттары саналады.

– Мұнай-газ саласына Оңтүстік Корея технологияларын толыққанды трансферт жасау, сондай-ақ заманауи құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектер өндірісін жолға қою біз үшін маңызды. Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ секілді ірі мұнай-газ кен орындарында өн­діріс­ті кеңейтуге бағытталған жобалар­дың жүзеге асырылып жатқанын ескерсек, мұның өзектілігі арта түседі, – деді Президент.

Бұған қоса, Қасым-Жомарт Тоқаев аса маңызды шикізат игеру саласында елі­міз­дің әлеуеті зор екеніне назар аударып, литий кен орнын игеруге және одан өң­делу деңгейі жоғары өнім шығаруға ниетті оңтүстіккореялық серіктестермен (KIGAM, SK Ecoplant) ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін жеткізді.

Мемлекет басшысының пікірінше, автомобиль құрастыру саласындағы өзара тиімді өнеркәсіптік кооперацияны өрістетуге мол мүмкіндік бар.

– Қазақстанда қазір Hyundai маркалы автомобильдер құрастырылады. Келесі жылы толық циклді KIA зауыты іске қосылмақ. Аталған жобаға 200 миллион доллар көлемінде инвестиция тартылды. Бұл ретте компанияның алғаш рет Оңтүстік Кореядан тысқары жердегі зауыт құрылысына қаржы салып отырғанын және ол үшін біздің елімізді таңдағанын атап өткен жөн. Оңтүстік Кореяның бірқатар компания­сы автомобиль өнеркәсібін дамытудың келесі кезеңіне кірісуді, яғни Қазақстанда автобөлшектер өндірісінің кластерін құруды жоспарлап отырғаны қуантады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

 

 

Previous Post

Оңтүстік Корея және Қазақстан: Алыс-беріс 6 млрд долларға жетті

Next Post

Қазақстан – Корея: Ынтымақтастықтың маңызды белесі

Барлық құқықтары қорғалған.
2020 жылдың 25 ақпанындағы
№KZ66VPY00020666 куәлігі

     13kz.kz ақпарат агенттігі

Сайт әкімшілігі материалды
көшіріп басу кезінде 13kz.kz
сайтына тікелей гиперсілтеме
көрсетуді талап етеді


Сайттың ескі нұсқасы.
No Result
View All Result
  • Жаңалықтар
  • Cаясат
  • Қоғам
  • Билік
  • Экономика
  • Туризм
  • 13KZTV
  • Әлемде

13kz.kz ақпарат агенттігі