2024 жылғы 18 маусымда Жапония Сыртқы істер министрлігінің Еуропа істері жөніндегі бюросының бас директоры Масаши Накагоме Қазақстанға сапармен келеді.
Сапар аясында жапондық дипломат Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаевпен кездеседі.
Тараптар Жапония Премьер-Министрі Фумио Кишиданың алдағы ресми сапары және ағымдағы жылдың жазында Астанада өтетін «Орталық Азия + Жапония» диалогының бірінші саммитіне дайындық барысы туралы мәселелерді талқылау жоспарлауда.
«Орталық Азия + Жапония» форматы өңірлік ынтымақтастықты дамыту мақсатында 2004 жылы құрылған.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 56-шы сессиясының басталуы туралы
Женевада Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің (Кеңес) 56-шы сессиясы 2024 жылғы 18 маусымда басталып, 12 шілдеде аяқталады. Биыл еліміз БҰҰ-ның басты құқық қорғау органындағы үш жылдық мүшелігін аяқтап жатқаны белгілі (2022-2024 жж.).
Ағымдағы сессия барысында Қазақстан келесі басым бағыттар бойынша жұмыс жүргізуді жоспарлауда.
Қазақстан делегациясы Кеңестің басқа елдерімен бірге отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бойынша бірлескен мәлімдеме ұсынуды жоспарлап отыр. Мемлекет басшысы жақында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңға қол қойғаны белгілі. Аталған прогрессивті заңды қабылдау жөніндегі біздің тәжірибемізді ескере отырып, бүкіл әлемдегі осы өзекті мәселені әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықты жою жөніндегі бірлескен күш-жігерді пысықтау үшін жаһандық құқық қорғау алаңына шығару маңызды деп санаймыз.
Бұдан басқа, Қазақстан Кеңес қарарларының келесі жобаларының негізгі авторлары тобына кірді:
— Люксембург және «Human Rights Watch» бастамасымен білім алу құқығы бойынша қарар жобасы. Құжаттың басты мақсаты – мектепке дейінгі және орта білім беруді төлемақысыз қамтамасыз ету бойынша мемлекеттердің заңды міндеттемелерін бекіту үшін БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі конвенциясына жаңа Факультативтік хаттаманы әзірлеу. Жобаға қатысудың тарихи маңызы бар және елімізге алғаш рет адам құқықтары саласындағы жаһандық әмбебап шарттың негізгі бастамашыларының (авторларының) қатарына кіруге мүмкіндік береді.
— «Балалардың цифрлық тұрғыда қауіпсіздігін нығайту» атты Мысыр бастамасымен болған жаңа қарар жобасы. Құжат түрлі сын-қатерлер мен қауіп-қатерлердің туындауына байланысты цифрлық кеңістікте балаларды қорғау мәселелеріне халықаралық қоғамдастықтың көбірек назарын аударуға бағытталған.
— Сонымен қатар, Бельгия бастамасымен болған «Онлайн жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылық» қарар жобасы.
Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасарының Алматыға сапары туралы
2024 жылғы 19 маусымда Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллиннің Алматы қаласына жұмыс сапары аясында штаттық саны 120 қызметкерден асатын, 18 агенттіктері орналасқан Біріккен Ұлттар Ұйымы ғимараты – «UN Plaza»-ға барады.
Қазақстанда аккредиттелген БҰҰ агенттіктері мен өкілдіктерінің басшыларымен кездесу барысында Ұйым шеңберіндегі өңірлік ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің алдында тұрған өзекті мәселелер бойынша жобалық қызметті талқылау жоспарланған.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ғылым және техника жөніндегі министрліктер мен ведомстволар басшыларының кеңесі туралы
2024 жылғы 19 маусымда Қазақстан Республикасының төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымында бейнеконференция форматында Ұйымға мүше мемлекеттердің ғылым және техника жөніндегі министрліктер мен ведомстволар басшыларының 8-ші кеңесі өтеді, оның барысында ағымдағы басым бағыттар бойынша ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланады.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің көлік министрлерінің кеңесі туралы
2024 жылғы 20 маусымда Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің көлік министрлерінің кеңесі бейнеконференция форматында өтеді.
Қазақстанның бастамасымен әзірленген Ұйымға мүше мемлекеттердің порттары мен логистикалық орталықтарын дамытудағы ынтымақтастық тұжырымдамасын қабылдау жоспарланған.
Қазақстан мен Литваның сыртқы саяси ведомстволары арасындағы саяси консультациялар туралы
2024 жылғы 20 маусымда Клайпеда қаласында (Литва) Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Литва Сыртқы істер вице-министрі Йонас Сурвиланың төрағалығымен Қазақстан-Литва саяси консультацияларының 10-шы раунды өтеді.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жолдарын талқылауды, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасуды жоспарлап отыр.
Литваға сапар шеңберінде Р. Василенконың Клайпеда қаласының мэрі Арвидас Вайткуспен және Клайпеда теңіз портының Бас директоры Алгис Латакаспен кездесулері жоспарланған.
«БРИКС+» қалалар мен муниципалитеттер мэрлерінің форумына қатысу туралы
Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылғы 20-22 маусым аралығында Қызылорда және Түркістан облыстарының әкімдері Нұрлыбек Нәлібаев пен Дархан Сатыбалды Қазан қаласында (Ресей) «БРИКС+» форматында өтуі жоспарланған Қалалар мен муниципалитеттер мэрлері форумының құрылтай жиналысына қатысады. Қазақстан өңірлерінің басшылары БРИКС аясында іс-шараларға қатысып, Татарстан Республикасының астанасында орналасқан бірқатар өнеркәсіптік нысандармен, сондай-ақ қалалық инфрақұрылыммен танысатын болады.
БРИКС (BRICS – Brazil, Russia, India, China, South Africa) – Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африканың саяси-экономикалық альянсы. 2006 жылы маусымда Санкт-Петербург экономикалық форумы аясында құрылған. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Мысыр, Иран, БАӘ және Эфиопия бірлестіктің жаңа мүшелері болды.
Бірлестіктің әр мүшесі бір жыл бойы төраға қызметін атқарады. Биылғы жылы БРИКС төрағалығы Ресей Федерациясына өтті. Осылайша, Ресейдің бірлестіктегі төрағалығы шеңберінде 700-ге жуық іс-шаралар жоспарланған, оның ең бастысы ү.ж. қазан айында Қазан қаласында БРИКС және БРИКС+ Мемлекет басшыларының саммиті.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының Жастар кеңесінің отырысы туралы
2024 жылғы 20 маусымда Астана қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер мен байқаушы мемлекеттері жастарының кездесуі өтеді.
ШЫҰ Жастар кеңесінің XVII отырысы аясында жастар экологиялық ортадағы жастар көшбасшылығы және Ұйым шеңберінде орнықты болашаққа жол құру мәселелері талқыланады.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің энергетика министрлерінің кеңесі туралы
2024 жылғы 21 маусымда Астана қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің энергетика министрлерінің 4-ші кеңесі өтеді.
Энергетика ведомстволарының басшылары Қазақстанның бастамасымен әзірленген «ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің энергетикалық ынтымақтастығын дамытудың 2030 жылға дейін кезеңге арналған стратегиясын» қарастырып, бекітеді.
Сонымен қатар делегация басшылары Ұйым аясындағы энергетикалық ынтымақтастықты дамытудың стратегиялық тәсілдерін де талқылайды.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы туралы
2024 жылғы 21 маусымда Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің төрағалығымен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (Ұйым) Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтеді.
Отырыс барысында халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін, сондай-ақ Ұйымға төрағалық ету кезеңінде Қазақстан Республикасының басымдықтарын орындау жөніндегі іс-шараларды іске асыру барысын талқылау жоспарланған.
Отырыс қорытындысы бойынша Ұйым қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған құжаттарға қол қою, сондай-ақ бірқатар саяси мәлімдемелер қабылданады деп күтілуде.